30.05.2022
  272


Автор: Бекен Әбдіразақов

Ерлік пен ездік

– Ерлік деген немене?
– Ездік деген немене?–
Екі бала егесті
Білсең айтшы, не?–десті
– Ерліктің ең ерлігі,
Болды соғыс кезінде.
– Ол әлемге белгілі,
Білем оны өзім де.
– Мықты ерлік жасаған,
Космонавтар қазіргі.
– Жаңалық па, мәссаған,
Талай-талай жазылды.
– Көп қозы алған шопан да,
Ері емес пе даланың?
– Онда менің атам да,
Мен де батыр баламын.
– Ерлік деген енді не?–
– Ерлік деген қиялдай...
– Саған ерік берді ме,
Соғасың–ау ұялмай.
Ездікке де келіспей,
Бір-біріне беріспей,
Ұстазына жүгінді,
«Ерлерді айт» деп бүгінгі.
– Екеуің, де дұрыссың,–
Деді ұстазы ақырын.–
– Жалынында ұрыстың,
Көрінеді батырдың.
Космонавт та шын батыр,
Шопаның да шын батыр,
Бірақ менің білерім,
Ерлік деген мұнда тұр,–
Деп көрсетті жүрегін.
– Адал болсаң адамға,
Адал болсаң заманға,
Қатал болсаң жаманға,
Қаһар болсаң арамға,
Сүйсең ұлы еліңді,
Сүйсең ұлы жеріңді,
Адал болса жүрегің,
Ер боласың, білемін.
Керісінше, жүрдің бе,
Ездік атын ілдім де –
Бір-біріне қарасып,
Кетті үнсіз тарасып,
Неге керек бал ашып,
Неге керек таласып,
Ездік деген ездік қой,
Ерлік деген ерлік қой.





Пікір жазу