Әлемдік жаһандану мен «Рухани жаңғыру» арасында өзара үйлесімділік бар ма
ХХІ ғасыр. Әлемдік трансформациялар дәуірі. Әлемдік жаңалықтар дәуірі. Әлемдік жаһандану дәуірі. Ия, ия бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен даму үстінде. Ақпараттық технологиялардың ықпалы бүкіл әлемге, бүкіл
елдерге таралып, өркениетті түрде әлем мемлекеттері даму процесін бастан кешіруде. Жаһандану процесінің әлем үшін, оның ішінде біздің еліміз үшін пайдасын айта өтейін. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің
«Рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласында Қазақстан дамыған, білімі мен өркениеті кеңге қанатын жайған мемлекет болуы үшін үштұғырлы тілдің маңызы қандай екенін айшықтап көрсеткен. Ал, үш тұғырлы тіл саясатын енгізудегі жаһандану процесінің, ақпараттық технологиялардың ықпалын талдап көрейік.
Кез келген елдің, мемлекеттің дамуына, әлемдік аренаға шығып, өзге мемлекеттермен бәсекелес болуына әсер ететін ең маңызды фактор – білім жүйесі. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі тәуелсіздік алғалы бері біраз сүрлеу-соқпақтарды да басынан кешіріп, біраз ілгері де қадамдар жасады. 30 жылдық тарихы бар тәуелсіз қазақ елінің білім жүйесі күні бүгін бір ізге түсе бастаған. Қазіргі жаһандану заманында, ақпараттық
технологиялардың дамыған дәуірінде болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің білім беру жүйесіне де тың өзгеріс болып енуде. Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтардың бірі әрі ең маңыздысы – үштұғырлы тілде білім беру . Көптілді білім беру жүйесі Қазақстан жастарының мүмкіндіктерінің шексіз екендігіне көз
жеткізіп, еліміздің әлемдік білім кеңістігіне еркін шығуына мүмкіндік береді, сондай-ақ жас ұрпақтың әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін дамытуына мүмкіншілік береді. Дәл осы үш тілді білім беру процесі қазіргі уақытта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Бүгінде білім жүйесінде айтарлықтай маңызға ие болып отырған «үш тілді білім берудің пайдасы қандай, артықшылықтары неде?» - деген сұраққа жауап іздеп көрейін.
Үш тілділік – білім беру жүйесіндегі өте маңызды әрі күрделі процесс болып саналатыны белгілі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуды мектептен бастап, үш тілділікті бала бойына ерте жастан бастап сіңіру педагогикада өте маңызды роль атқарады. Мектеп оқушыларына үш тілде білім берудің ең әуелгі артықшылығы , Қадыр Мырза Әліше айтқанда, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Ия, мектеп оқушыларына жастайынан үш тілде білім беруді дағды ретінде қалыптастыру - оқушылардың дамуына, шет тілдерін меңгеруіне, білім жолында ізденіске түсулеріне, жан-жақты дамып, ой-өрістерінің кеңеюіне жол ашары сөзсіз. Үш тілді білім беруді мектеп бағдарламасына енгізудегі басты мақсат – оқушылардың тұлға болып қалыптасу жолындағы барлық қарым-қабілеттерін, дарындары мен мүмкіндіктерін өзге тілдерді оқыта отырып, өзге тілдерде сөйлете отырып
ашу. Сондықтан да, мектептерде үштұғырлы тілді меңгеруде оқушылар тек қана сабақ өтіп қоймайды, өздерінің тұлға болып қалыптасулары үшін ізденіске түседі. Қазіргі ғасыр – бәсеке ғасыры, ал үш тілділік – заман талабы. Осы алып та алпауыт ғасырға оқушыларды еш дайындықсыз жіберу – бәйгеге осал атты қосумен тең болар еді. Сол себепті, үш тілді білім берудің мектеп оқушыларына тигізетін ең бірінші пайдасы һәм артықшылығы – оқушылардың оқыған, тоқыған, көкірегі ояу, көзі ашық тұлға болып қалыптасып, білім бәйгесінде жүйрік аттай шабуына мүмкіндіктер ашуында.
Үш тілде білім берудің екінші артықшылығы – бүгінгі заманның талабына сай, қоғамның сұранысына ие, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті тұлға болуға жол ашуында, интеллигенция дәрежесіне көтерілуінде. Шет тілдерді
үйрену барысында оқушылардың қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Себебі, әр тіл - өзінше бөлек әлем. Тілді меңгеру арқылы адам жаңа әлемнің, жаңа ғимараттың
есігін аша бастайды. Ең әуелгі кезекте тілді меңгеруде адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық кеңістігі кеңеюімен қатар, таным түйсігі арта түсетін болады. Ғылыми зерттеулер нәтижелері бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқыптырақ, тез ойын жинақтап айтуға қабілеттірек болатынын анықтаған еді. Оның басты себебі адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде адам миы ақпараттарды тез реттеп, ең маңыздыларын іріктеуге машықтанатын тәрізді. Міне, мектеп оқушыларына үштұғырлы тілде білім беру арқылы оқушыларды тек полиглот ретінде ғана емес, ойлау жүйесі дамыған, бәсекеге қабілетті ұрпақ ретінде қалыптастыра аламыз.
Сондай –ақ, үштұғырлы тілде білім берудің басты идеясы – Қазақстан азаматтарының шет тілдерін еркін меңгеруі болса, шет тілдерін білудің артықшылықтарын да айта өткен жөн деп білемін. Біріншіден, шет тілдерді білу арқылы туыстас халық ретінде саналмайтын, жақындығы жоқ, мүлдем басқа мәдениет өкілдерімен еркін қарым-қатынас жасай аламыз, екіншіден, ғаламтордағы ағылшын тіліндегі мағлұматтарды еркін игеруге жол ашылады, үшіншіден, шет тілдерді жетік меңгерген жастар экономикасы дамыған
мемлекеттерде білім алуға мүмкіндік алып, шет ел тәжірибесін елге алып келуге мүмкіндік алады, төртіншіден, өзге мәдениет өкілдерінің туындыларымен аудармашысыз танысу мүмкіндігінің де болуы өскелең ұрпақтың келешегінің кемел, болашағының жарқын болуына жол ашады.
Мектеп оқушыларына үш тілде білім берудің тағы бір артықшылығы –
мектептегі білім жүйесінің, білім сапасының көтерілуімен ерекшеленеді деп білемін. Үш тілде білім беру жүйесінің көмегімен оқушылар орыс тілі,
ағылшын тілі пәндерінен тапсырмаларды өз беттерімен орындап, жеке дара жұмыс жасауға көңіл бөледі. Үштұғырлы тіл саясаты бұдан әрі дамып,
мектептерде білікті мамандар өзге тілдерді оқушыларға жоғары деңгейде үйретер болса, оқушылардың басым бөлігінің шет тілдеріне қызығушылықтары артып, тілді еркін меңгерулеріне ешбір кедергі болмасы сөзсіз. Бүгінде еліміз жаңа заманның талабына сай жастарды, бәсекеге
қабілетті, шет тілдерін жетік меңгерген өскелең ұрпақты барынша қолдаудан қалыс қалып жатқан жоқ. Мектептерде шет тілдерін оқытуда оқушыларға
берілетін жақсы мүмкіндіктердің бірі – халықаралық олимпиадаларға жолдама алып, білім жолында жүрген жасөспірімдердің шет елдерде болып, өзге елдің мәдениетімен танысуға, сондай-ақ өз білімдерін өзге елдерде
сынауларына мүмкіндіктері орасан зор. Дәл осы үрдіс жоғарғы оқу орындарында да жалғасын табатынын барлығымыз білеміз. Бүгінде
Қазақстан жастары «Болашақ» және тағы басқа көптеген бағдарламалармен шет ел университеттерінде оқып,білімдерін жетілдіріп, білім жолында шыңдалуларына ешқандай кедергі жоқ екені айтпаса да белгілі. Әлемдік білім-ғылым кеңістігіне еркін ену үшін, ХХІ ғасыр талабына сай тұлға болу үшін шет тілдерін білу, меңгеру дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екені даусыз. Себебі, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықаралық
әлеуметтік, экономикалық, мәдениет, білім-ғылымнан хабар беретұғын алтын көпір десек қателеспейміз.
Қорытындылай келе, мектеп оқушыларына «үштұғырлы тіл» мәртебесін алып тұрған – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде теңдей білім беріп, оқыту, көкірек көздерін ашып, болашақ Қазақстанның интеллигенциясы етіп
тәрбиелеу – біздің заманға, біздің қоғамға, біздің мектептеріміз бен мұғалімдерімізге жүктелген ауыр да абыройлы міндет. Бала – болашақ, бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Қазақстанның болашағы
жарқын,экономикасы дамыған, білім-ғылым саласында ілгері жетістіктерге жеткен, әлемнің ең озық елдерінің қатарында болуы – тікелей Қазақстан жастарымен байланысты екенін ескерсек, ұлт болашағының ертеңін бүгінгі мектебімізден бастауымыз қажет. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» - деген
халық нақылы бекер айтылмаса керек. Ел боламыз десек, мектебімізді түзеп, өскелең ұрпаққа нәтижелі әрі сапалы білім беріп, үштұғырлы тілді жоғары деңгейде меңгертіп, болашақ Қазақстан жастарын білім бәсекесіне
барымызды салып дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Үштұғырлы тіл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.