30.05.2022
  122


Автор: Бекен Әбдіразақов

Балық аулау

Сайлап жемді,
Қармақты,
Тартып кеттік өзенге.
Менде дегбір қалмапты,
Олжаны бір сезем бе?!
Әйбат орын алмақ боп,
Жарыса кеп жайғастық.
Суға түскен қармақ көп,
Іштей сертті байластық.
Бәріміз де олжаны,
Ойлап,
Байып отырмыз.
Өзінше әркім болжады,–
Қиялшыл бір топырмыз.
Мезгіл түске ауғанда,
Бара жатыр күн ысып.
Бір шабақты аулауға,
Біз отырмыз тырысып.
Бір қармақ та қаппады,
Шұрылдайды кұрсақ та.
Өртеді күн аптабы,
Суға сүңгіп тұрсақ та.
Жайғасып ем шеткері,
Бір мезетте қалтқымды,
Төмен тартып кеткені,
Бәрі бетін жалт бұрды!
Өзімше боп саспаған
(Бойыма ыстық қан жүрді).
Тартсам!..
Кеше тастағам
Іліп шықты қалбырды.
Кетті дейсің дүркіреп,
Өзен үсті күлкіден.
Сонша баппен сілкіп ем,
Бір түйіліп, бір күлем.
Күле-күле бәріміз,
Тамақты да жеп алдық.
Шын жадырап жанымыз,
Суға түстік, Демалдық.





Пікір жазу