Сталинград
Оралмай қалған Волгадан,
Айттым ғой жайын атаңның,
Сталинградты қорғаған,
Бір солдаты атаң Отанның.
Атаңдай қанша ер жігіт,
Жалынға салды жас жанын.
Жүрсін деп гүлдей сен күліп,
Болсын деп ашық аспаның.
Қасиетті Волга тамшысын,
Қанды ауыз жауға татырмай,
Бомбалар қанша жаншысын,
Қасқиып тұрды батырдай.
Күл болып кетті бұл қала,
Күл–талқан етіп дұшпанды.
Есінен танып, жындана,
Қыспаққа фашист ұсталды.
Қайғы-мұң жасы тарамдап,
Ажалды мұнда білді жау.
Қазалы күнін хабарлап,
Қаралы туын ілді жау.
Европа үстін бүркеген
Түнекке таңды атырып,
Азаттық жолын сілтеген,
Сталинград – атты батырың.
Өзен бар,
Жер бар,
Аспан бар,
Арала Мамай қорғанын.
Таспенен жазған дастандар,
Айтады саған қалғанын.
Көтерген көкке семсерін
Көресің Отан-ананы.
Қылышпен бізге келсе кім,
Қылыштан ажал табады.