30.05.2022
  106


Автор: Бекен Әбдіразақов

Паровоз айқайы мен

Паровоз айқайы мен
Әйелдің сыңсулары...
Жігіттің «пай-пайы» мен
Шалдардың шымшу жаны...
Арыстың вокзалында
Қым-ғуыт бір тіршілік.
Тұмарбек тап жанымда
Ақырын тұр күрсініп.
Орап ап шылымын да,
Сорады асықпастан.
Бұл өзі ғұмырында
Жан емес асып-сасқан.
Жеңешем жаутаң қағып,
Жанары мөлдірейді.
Ағама жан таңғалып,
Жеңгеме елжірейді.
Түспейді бізге көзі,
Жыным да барады ұстап.
Біреуді іздеп өзі
Қояды қарағыштап.
–Құмарбек!– дегенде мен,
Білдім ғой кім екенін.
Жетті ол да сереңдеген
Салмайды-ау бір етегін!
Қол боста кептер қуған —
Тентектің нағыз өзі.
Түскендей көктен тура
Бір патша – жалғыз өзі.
Үйленсе басылады,
Деген соң үйлендірді.
Оған да жасымады,
Басқаша түрлендірді.
–Бірақ та жұмысына
Мығым-ау, бәтшағарың,–
Деп шалдар ұрысып ап,
Қағады шақшаларын.
Осы сол Құмарбегің –
Құрдасы Тұмарбектің.
Жандары шығар дермін,
Көрмесе бұлар тек күн.
Әкесі екеуінің
Айрылмас дос болыпты.
Колхозда кешегі күн
Екеуі-ақ қос болыпты.
Ыстықты, суықты да
Екеуі тең бөліпті.
Бандыны қуыпты да,
Жол бойын жөн көріпті.
Құрыштай достықтарын
Мұра еткен баласына.
Емес тек, осы ұққаным –
Құда да, нағашы да.
Ал мына екеуінің
Достығы қыл өтпестей,
Білдірмей жекелігін
Жүреді жүректестей.
Бір-бірін жұбайынан
Қызғанып жүреді деп,
Бұларға ұдайына
Ауылда күледі кеп.
Қарт жолшы:– Маған кел,– деп
Шақырды қай тұстары.
Құмарбек – вагон жөндеп,
Тұмарбек – қайла ұстады.
«Ал, Тұмаш, жүремін де...»
Тұмашы күлді ақырын.
Құмардың жүрегін де
Ұғады бұл пақырың!
–Пәле боп бронь деген...–
Қүрсінді Құмарбегім.
Қиын-ау бір өлмеген,
Дос боп па бұлар тегін.
Хабар бер бара салып,
Жетемін өлсем де мен!–
Жүрекке жара салып,
Жылап тұр жеңгем деген.
–Жасын. тый... о не тегі!–
Жеңгемді құшты Тұмаш:
–Есің бар емес пе еді!
Өз шалың ыстық рас...
Алайда, мына шалың
Тұрғанда өлтірмейді.
Қалжыңмен мұң ашарын
Сезсе де желпілдейді.
Зор дауыс:
– Эшелонға!–
Дегенде естен танып,
Айналды есалаңға
Сең тоғыс көшкен халық.
Айқасқан құшақтары
Ажырап аћыраған.
Барша жұрт бұ шақтағы
Жетім төл маћыраған.
Құмарбек қатып қалған
Жеңешем талып жатыр.
Қайғыға батып жалған
Еңіреп қалып жатыр.
Эшелон барады ұзап,
Алдында – жасыл жарық
Құмарбек қарады ұзақ
Көз жасы жасылданып.
Тоғыз жолдың торабы – Арысымнан
Айықпады эшелон түтіндері.
Өтіп жатыр танбаған шабысынан
Жараулардай айрықша күтімдегі.
Құмарбекті көру мұң қазір деген,
Кептерлері жабайы болып алған.
Тамақты мен апарам әзірлеген,
Депосына біржола қонып алған.
Күндегіше ботқа мен шайын алып
Үзілісте пәйіттеп келген едім.
Құмарбегім төсегін жайып алып
Жатып апты,
мұндайын көрмегемін.
Тамаққа да зауқы жоқ бұрынғыдай,
Ауыз тиіп, сипады маңдайымнан:
–Өлім болды, жүргенім жырындыдай,
Айтшы, көкең кем еді қандай ұлдан?!–
Киінді де, ым қақты жүр дегендей,
Мұң ізі бар қабарған қабағында.
Ере бердім соңынан тілге келмей,
Тегін емес, жемеді тамағын да.
Арысымның жолдары – алпыс тарау.
Вагондардың астымен бұқпантайлап
Өтіп келе жатырмын, жан қыстады-ау,
Не болса да көнуге шыққан байлап.
Шеткі жолға жеткенде Құмарбегім:
–Қара,–деді,–анау бір вагондарға!
Соғыспаққа, балақай, құмар ма едің,
Бар, сұрап кел соғысты соған бар да...
О, сұмдық-ай!
Доңғалақтың үстінде қаңқа ғана,
Күйік шалған ғаріптің әлпетіндей.
Темірді де ағашша жаңқалаған,
Жалбырап тұр жұлынған арқа етіндей.
–Солай, бала...
Бұл темір ғой,
кешікпей бүтінделіп.
Сырлаған соң жарқырап шыға келер.
Паровоз да зыр қағар түтін беріп,
Жетеді ғой, әйтеуір, бұған өнер.
Ал, адам ше?
Түнде мен аттандырдым
Екі шалон лық толы жаралылар.
Ішім қайнап, тістеніп шақтан жүрдім,
Байғұстардың адамға санағы бар...
Бет шыдамай қарауға жүздеріне,
Жүрген сәтте жанғаны жасыл жарық.
Майдан дейміз мұнда да, біздегі не?
Жіберсе де, кетемін, басымды алып.





Пікір жазу