30.05.2022
  112


Автор: Бекен Әбдіразақов

Дала қызы

1
Қыздары аз ба даламның,
Ерлігі аңыз, жыр-дастан.
Жүрегін тербеп адамның,
Заманыменен сырласқан.
2
...Бейбіт жер үсті құлпырып
Арманды тәтті аңсатса,
Көзінде мөлдір нұр тұнып
Ұмтылды соған Кәмшат та.
Тербеткен өзін бесіктей
Арқаның апай төсінде,
Жұрт бұрын көріп, есітпей
Жүрген бір дүбір есінде.
«Тың»! деген ұран дабылы
Жаңғыртты шетсіз жер-көкті:
Жаңарып тыңмен ауылы
Өзі де тыңда ер жетті.
Қиялға ұшқыр симайтын.
Толқыған алтын теңіздей,
Егінді ол да жинайтын,
Үлкенге «кәне» дегізбей.
Ғажап-ау, адам тағдыры,
Темірбек сынды жігітпен,
Жанды да бір күн бақ-нұры,
Тұлпарға мінді үмітпен!
Өсірген дала-анасын
Аялап, баптап, тер төкті.
Жер дағы жақсы баласын,
Мейіріменен тербетті.
Моншақтай еңбек тамшысын,
Маржандай дәнмен қайтарды.
Кешегі құйттай еншісін
Еңбекқор етті байсалды!
3
Жол түсіп емес, арнайы
Мен іздеп бардым Кәмшатты.
Жарқырап тұр-ау маңдайы
Берді оған Отан қанша атты
Депутат бүгін Кәмшатың,
Халықтың қамын ойлаған,
Еңбектің Ері Кәмшаттың
Төсінде жұлдыз жайнаған.
Құрметке солай бөленген
Қадірлі жанның бейнесін,
Өрнектеп жасау өлеңмен
Ақынға болар кейде сын!
Қостанай жерін сол күймен
Басқанда қоңыр күз еді.
Шаршады ма екен жөңкумен
Бұлттары баяу жүзеді.
Үйірлі қайың жапырағы
Уылжып піскен алмадай,
«Харьковтың» күллі атырабы
Көк бұйра жапқан арнадай.
Жер-ана жатыр тыныстап
Жаңа да дамыл тапқандай,
Қарашы, досым, ырысқа
Далама қонған бақ қандай!
Ырзықты бақыт-дәулетке
Кәмшаттың қосқан үлесін
Есепке салып әуре етпе,
Менсіз де жақсы білесің!
Мен іздеп келген сол Кәмшат
Аулында емес қырда екен.
Екінді қашан болған шақ
Тынымсыз бірақ бұл мекен.
Мен дағы тарттым қырына,
Қасымда құрдас – Темірбек!
Қанбаған әлі сырына
Даламда қанша өмір көп!
Тіршілік түгел көшкендей
Керілген мынау далаға,
Жерге егін қайта өскендей
Ал, түсі көк пе, қара ма?
Әйтеуір, жал-жал топырақ
Жосылған белес-белдермен.
Сүдігер өзі кақырап,
Жатыр-ау ырыс өңгерген!
Моторлар хоры асқақтап,
Ырыстың әнін шырқайды.
Дауыстан ыңғай «бес» қаптап.
Гүрілдеп келіп бұрқайды.
Жиекке табан тіреген
Шыққандай күннің бетінен,
Көрінді бір кез түйедей
Трактор алқап шетінен.
– Кәмшат қой!– деді
Темірбек
Топырақ тұрған уыстап.
Ал Кәмшат мынау өңірде,
Келеді күннен ту ұстап.
Асықтай ғана келіншек
Пілден де мықты алыпты,
Мінген соң алып көрінбек
Кім тағар маған айыпты?!
Ұшқыны күннің жанарда
Ұялап қалып қойғандай,
Жымиды Кәмшат маған да,
Жан екен көңіл тойғандай!
Сыпайы ғана тілдесті,
Сүйкімді неткен сонысы!
Қимылы, сөзі үндескен
Қазақтың қара торысы!
Қозғалып қойып бір сәтте,
Алыпқа тұрған қарады.
Дегендей маған «рұқсат бер!»
Күлімдей түсті жанары!
Алыпты Ленин қаласы
Білемін сыйға бергенін
Рахмет, орыс баласы –
Асыл дос, жаны ер көңіл!
Адамның нағыз адамы
Сендей-ақ шығар Кәмшатжан!
Гүл болсын басқан қадамың,
Ту болсын арман аңсатқан!
Осындай ізгі тілекпен,
Қайтқан ем сонда Арқадан.
Тілеуші ем адал жүректен,
Жүздессем деп бір қайтадан!
Бұл күндер әлем құлағы,
Түрулі біздің Отанға.
Лениншілдердің тұрағы
Қарайды күн боп жаћанға.
Партияға бүгін сый өзге,
Қаншама ұлы істері.
Сол үшін отыр Съезде,
Жер шары коммунистері.
Бостандық бақыт үлгісін,
КПСС жайып бар елге,
Лениннің туын, ұлы ісін,
Көтерді биік әлемде.
Съездің асқақ тынысы,
Жүректің сіңіп қанына,
Үндесіп соған жүрісі
Алғандай қуат тағы да.
Бір ауа жетпей қалардай
Күн сайын мен де отырам,
Көз тігіп күллі адамдай
Қуат ап Съезд отынан.
Тыңдаған сайын сөздерді
Шалқиды жаным шабытпен.
Бірлікті құрыш көз көрді –
«Партия бірге халықпен!–
Отыр ем тағы оңаша,
Көгілдір экран алдында,
Жан сырын айтқан тамаша
Тамаша жандар бар мұнда.
–Дөненбаева жолдасқа!–
Дегенде тулап жүрегім
Көңілім тасқын болмас па,
Толқыған тура ну егіні
Даланың қызы мінбеден
Жарқылдап тұрды жасындай.
Самалдай таза үнменен
Жан сыры сонда ашылды-ай!
Бақытын елге паш етті,
Өзі де бақыт гүліндей.
Өзіне біткен қасиетті
Көрді ол көптің біріндей.
Еңбек пен ерлік егіз деп,
Арманға үндеп жар сап тұр.
Жемісін елге тергізбек,
Коммунист диқан Кәмшат бұл!





Пікір жазу