Поэмалар ✍️
Жаужүрек
Бірінші бөлім
1. Жармұхамед мұңы
Атамекен – Арысым, Қарақоңыр,
Қай-қайдағы мені айдап барады өмір!
Туған жерден тірідей кетіп барам,
Ақ көңілмен тілеші балаңа өмір!
Қу жанымда шер-тұман тарқамаған,
Байғұс едім қасірет арқалаған.
Тәшкен тартып барамын тарыққаннан
Қазынам жоқ жасырын қалталаған.
Аллаға аян жалғыз бір үмітпенен,
Шақырмаған шаћарға жүріп келем.
Шаћар деген шырақ деп көз ашатын,
Жүріп келем, күпті ойлы күдікпенен.
Абдуллашым-жалғызым жетегімде,
Әлде ұлымды жетектеп өтемін бе.
Әлде күткен менің де таңым атып,
Жүректегі арманға жетемін бе?
Жырақ көшіп барамын ағайыннан,
Неде болса көрермін талайымнан!
Борай деген ел едік бірлігі жоқ,
Мен қашқанға қайғырмас маңайынан.
Бір перғауын әрқайсы өздерінше,
Мұжықсынар бір-бірін көздерінше.
Шілдей тозып кете ме деп қорқамын,
Сорлылығын тасмаңдай сезгенінше?!
Бірлік жоқта, қашанда тірлік болмас.
Иә, бас ие – ақ орда түңлік болмас,
Не барқадар табамын бұ жұртымнан,
Қымбат онан жолдағы күндік жолдас!
Налысам да, қайтемін ағайынға.
О, туған жер, ұлың боп қалайын да,
Аттанайын,
Әбдешім ұмытпасын,
Топырағыңды бір уыс алайын да!
2. Абдулла
Тәшкеннің иір-иір көшесінде,
Адам боп, не бұзық боп өсесің бе?
Бәріне, шүкір, мұнда өнеге бар,
Қоясың бір-ақ күнде шешесің де!
Исіне бұрқыраған самса-палау,
Жыбырлап емексіді қанша танау!
Шайқасса шайханада бөденелер,
Қораздар қызығы да сонша таң-ау!
Даурыға саудаласып болмашыға,
Ым қағар бір жүгірмек жолдасына,
О күшік ала қашса самсаны алып,
Зытады қуғыншы боп ол да асыға!
Мешіттің күңіренген азаны да
Тамаша Қарақоңыр қазағына.
Әкесі жұма күні намаз оқып,
Тартады Ескіжұба базарына.
Құнжыңдап аумайды нақ пірәдардан,
Басында ақ сәлдесі құрап алған!
Қылығы әкесінің Абдуллаға
Көрінді әпендедей, жүдә жалған!
Қүлкілі-ау, жұма күнгі қылықтары.
Қайтесің,солай шаћар ғұрыптары.
Шайхана жемісінен Абдуллаға,
Әкелер ауызынан жырып тағы!
Сыр шертер медіресе жайында да,
Дегендей жүргін, балам, дайындала!
Қызық көп, бірақ шіркін, Абдулланың
Түсіне жиі енеді сайын дала!
Оянса,
әттең дүние-ай бәрі ғайып,
Қарайды анасына сәл мұңайып.
Күйелеш, алба-жұлба күліп тұрған
Әкесін көрсе кетер жаны байып!
Білмейді зауыт па, әлде темір жол ма?
Әйтеуір,
–«Робошы; көмір қолда!»–
Деп кейде орысшалап жібереді,
Кім білсін, ақша мол ма, көңіл мол ма?!
–Әншейін мұқал екем қайралмаған,
Жас күнім оралса ғой қайран маған!
Лақша бауыздар ем байсымақты
Бурадай Қызылқұмда тайраңдаған!
Тіршілік құрыппын-ау малдай өріп,
Жігітке қылшылдаған қандай өлім!
Тигенде тұщы етіме ащы таяқ,
Есектей қайқаңдаппын, қандай өмір!–
Абдулла таңданады көкесіне,
Сөздері жетпей жатыр жетесіне!
Шалының соңғы кезде өзгергенін
Көріп жүр,
аң-таң бұған шешесі де!
Шүкірлік, ашты-тоқты тіршілік бар,
Бітпесе кінәлі ме қырсығып мал!
Байғұстың лепіргені жөн де шығар,
Өсетін шаңырағында бір шыбық бар.
Амал не, бұл өмірдің жарлығына
Бір күні күл-талқан боп барлығы да,
Абдулла қала берді анасымен
Еңіреп тағдыр иттің тарлығына.
Абдулла көрді сонда алғаш рет.
Әкенің он-ондаған жолдасы кеп,
Өзбегі, орысы бар беттен сүйді,
— Жақаңның өмірінің жалғасы,– деп.
Жолатпай жалпақтаған молдаларды,
Өздері жинап-теріп қолда барды,
Әкесін жерлегенде бала Әбдеш
Бірліктің шын сырына сонда қанды!
3. Жетімдік
Қызылқұм!
О, Қызылқұм қызыл өртті!
Жалшыдай жаны күйген жүзің дертті!
Өртеніп күйікпенен өлеміз бе,
Кім, қашан жазар екен біздің дертті!
Қызылдың ми ашытқан аптабында.
Жалшы боп Қаттақорған қапталында.
Абдулла көкірегі қарс айрыла,
Аңсайды лашық-тамда жатқанын да!
Әкенің күлімсіреп келгенін де,
Бір-екі ләмпәсиді бергенін де,
Көреді Тәшкендегі күндерін ол
Бақыттың бір тауындай ең кемінде!
Қамытын қалай киді жалшылықтың?
Шаншудай осы сұрақ шаншылып тұр.
Паналап төркін жағын сорлы анасы
Келді ғой!
Жауап таппай сарсылып тұр.
Байқаса арқа тұтқан тағасы да,
Жан емес қойған сірә бағы ашыла
Қіріптар Мырзабайға мұнан қатты
Тірлігі – өйтіп-бүйтіп жан асыра!
Шеше де отпен кіріп, күлмен шығып
Жүреді, өң-ажары мүлдем сұлық.
Жалғызын жалшылыққа өзі әкеліп
Бергендей, көздің жасын күнде сығып.
Бір күні күзге таман ауыл іші
«Оязнай, оязнай!»-деп даурығысты.
Қотандай қасқыр тиген әпті қашып,
Шал сасып, қатындардың жаулығы ұшты
Осы-ау деп Қызылқұмның тақ-тірегі
Оязнай Мырзабайға ат тіреді.
Мырзакең мәймөң қақты қол қусырып.
Аспаннан түскеннен соң бақ-тілегі.
Қызартып асау қымыз,
мұрт майланып,
Кеткесін кекіре-кекіре жұрт жайланып,
Отырды оязнай біраз үнсіз
Қалғандай тіл мен жағы күрт байланып.
Есіней Мырзабайға былай деді:
— Өзіңді сүйеді екен құдай тегі –
Мырзабай шалқасынан түсе жаздап.
Тақиясын басындағы түзеді аздап.
— Тікелей патша ағзам бұйрығымен –
(Мырзабай жылжып қойды құйрығымен!)
Ашылды Самарқанда бір школа,
— Е, тақсыр, патша айтса дұрыс та о да...
— Сендердей мырзалардың баласын да
Орысша оқытамыз арасында...
Әуелі екі ұлыңды сол школға
Аламыз. Саңлау бар ма санасында?–
Мырзабай тілсіз қалды сасқалақтап,
Пәлені күтіп еді басқа жақтан.
Кәпірдің оқуына бергенінше,
Асылып өлген сауап,
масқара аттан!
— Тақсыр-ау,- деді бейбақ есін жиып,–
Сендердің біз сорлыдан көшің биік.
Құлдықпыз ақ патшаның әміріне,
Жан пида жетсек, кәне, қадіріне!
Халықпыз құм ішінде малша ерген.
Дүреле, өлтір мейлің қанша жерден
Қонбайды, бұлардың жас, кәрісіне
Молданың жазып берген дәрісі де!
— Немене, жаның сонша шырылдайды,
Әңгіме сенің екі ұлың жайлы.
Патшаға шын берілген адам керек,
Кедеймен патша елі құрылмайды.
Әлде сен патша ағзам бұйрығына...–
(Бай шошып біз сұққандай құйрығына!)
— Тақсыр-ау, құлдық, құлдық, басым
міне –
(Оязнай күлкі үйірді миығына).
— Тақсырым, бір сұрағым: өзге бала
Жіберсек жоғарыда сөз бола ма?–
Оязнай ойланғансып әлде неге:
— Неге сен жолатпайсың өз балаңа?..
Мырзабай жыламсырап:
–Пендеміз ғой,
Ақылдан, тақсыр-мырза, кендеміз ғой.
Жер басып жүрсек бүгін
күні ертең –
Алланың бұйрығымен көрдеміз ғой.
Несіне ойдағымды жасырамын,
Ұлықтың әміріне бас ұрамын.
Бірақ та Бұқардағы медіресеге
Берсем деп қос күнімді асығамын.
Білеміз мен еліме қадірлі едім,
Қос қанат – Датқабайым, Әмірбегім.
Бұқардан білім алып адам болса,
Бергені – тілегімді тәңір менің.
Тақсырым, қолыңда тұр барлығы да,
Патшаның керек қылсаң жарлығы да.
Ауылға екі бала салық десең,
Табамын,– деді қол сап сандығына –
Кедейді итше теуіп көндіремін –
Оязной бас изеді:
«Жөн білемін...
Тапсаң, тап екі бала жоғарыны
Өзім-ақ, тамыр, мықтап көндіремін».
Екінің бірі болып ертесіне,
Тағы азап мінгендей-ақ желкесіне
Абдулла кете берді Самарқанға,
Өмірдің жұмақ сырлы өлкесіне!
Тағасы бір ауыздан құтылғандай,
Анасы бір қайғыға тұтылғандай,
Мырзабай жырқ-жырқ күліп жамбастанды,
Оязной оңбай бұған ұтылғандай.
Екінші бөлім
1. Аласапыран
Патша тақтан құлады!
Біреу күліп,
баз біреулер жылады
Төңкерісті түсініп те түсінбей,
Енді қайда барамыз деп сұрады.
Самарқанда сан жиналыс, дүрбелең,
Түсіп, шығып жатқан жұрттар түрмеден.
Эсер, кадет, меньшевигі ұлтшылы
Жұлқынады,
жарылқайды мінбеден.
Самарқанның көк тасы да еріген,
Табиғаттың тынысы да кеңіген.
Сол толқында Абдулла да жаңқадай
Желпілдейді революция желімен!
Революция!
Үкімет бар уақытша!
Абдулланың көзі жайнап жақұтша,
Бостандық та басына кеп жарқырай
Қонған күн бе,
көп аңсаған бақыт па?
Қаттақорған, Самарқанда, Жызақта
Советтер бар,
ал өмірі ұзақ па?
Алдарқатып аңқау қара халықты
«Уақытшалар» құрып қойған тұзақ па?
Үкіметті кім билейді деседі.
Қыры сынбай бай-батша жүр кешегі.
Советтердің кеңсесінде отыр ғой.
Меньшевигі, ұлтшылы да, әсері!
Дүрілдеген, дабылдаған дүрмектен
Жас Абдулла естиді бір үнді өктем:
–Барлық жерде Советтерге – өкімет!
Революция бастамасы – бұл көктем!
«Жұмысшылар, жалшы, дихан, солдаттар
Советтері жасасын!»-деп жанды оттар.
Соғыс бітсін!
Шон қарлардың сойылын
Жойылсын,– деп,– соққан өңкей
жалдаптар!
Самарқанда сан жиналыс, дүрбелең.
Ұран біреу большевиктер үндеген:
–Барша өкімет Советтерге берілсін!
Бейбіт жолмен!–Жар салады мінбеден!
Меныневигің, эсер, кадет, ұлтшылың,
Паш еткенсіп жүрек жарды жұрт сырын,
Қара халық қамқоршысы қарасаң,
Бәрінде де – тіл сүйексіз, ұрт шырын!
Самарқанда сан жиналыс, дүрбелең
Бұрын-соңды ешбір адам жүрмеген!
Сезді Абдулла жол жатқанын алдында
Бұрын-соңды көрмеген жәй бұл деген!
Жалын атқан большевиктер сөзінен
Ақиқатты таңып жүрек көзімен,
Кеше әкесі мақтанатын жолдас деп,
Болу керек жұмысшының өзімен!
Уақыт жоқ, сырттай қарап байқаса,
Нар тәуекел түсу керек айқасқа!
Бару керек Фигельский жолдасқа,
Жоқ таңдайтын енді ешқандай жол басқа!
2. Большевиктер
Фигельский көргеннен жатырқамай
Арқасынан қағады:
–Батыр, қалай?–
Жас жүрегі әзір-ақ атылуға
Жолбарыстай тордағы жатыр қалай?!
Фигельский жанары күлім қағып,
Сезгендей-ақ Абдулла сырын бағып:
–Күрес алда, Абдулла, ең зор майдан.
п кешікпей аламыз жынын қағып.
Ұлтшыл, эсер, кадетің, меньшевигің
Сәл артықтау алып тұр енші бүгін.
Большевиктер олардың ашу керек.
Екі жүзді қылығын, кемшілігін.
Ленин жолдас «қарулы көтеріліс
Әзірше ерте»-дегені өте дұрыс.
Бейбіт жолмен бермесе, сонда ғана
Шабуылға шығамыз, жетеді күш!
Ленин!
Ленин!
Абдулла кеудесінде
Қол бастаған батырдың бейнесінде
Елестесе, большевик Фигельский,
Жай адамдай алады кейде есіне.
– Көрдіңіз бе, Ленинді сіз өзіңіз?
–Сөздерін де тыңдадық біз өзіміз.
Фигельский жымиды Абдуллаға
–Ұқсас екен, жас жігіт, мінезіміз.
Ақиқатқа көз жетпей сенбегенің –
Өте жақсы қасиет, жөн көремін.
Сорбоннада, Парижде оқығанда
Алабұртқан албырт ем мен дегенің.
Басым толы идея,
ұран да көп,
Еліктейтін ерлер мен қыран да көп.
Революция керек!-деп лепіретін
Өңеш жыртқан даңғазаң мұнан да көп
...Париж бейне жас жігіт,
Кіндігіндей әлемнің!
Арқалағаи жақсы үміт
Парижде ері бар елдің.
«Марсельеза» жыры мен
Коммунарлар Парижі,
Мараттай ел ұлы мен
Маркс, Энгельс бар ізі.
Көкірегі ояу, көзі ашық
Талапкерге тәлім бар.
Терең сырды өзі ашып,
Күн жеткенде жалындар!
Ер жігіттің парызы –
Өшпес болсын шырағы.
Әркімнің өз Парижы
Жүрегінде тұрады.
Парижде алғаш Ленинмен
Таныстым да,
тыңдадым.
Ризамын сол күннен
Тағдырыма мың да бір.
Парижде емес дәл бүгін
Питерде әлем көздері.
Тарих-ана жарлығын
Күтіп отыр өздері!
Күрес алда, Қызылқұм батырағы,
Ленин әлі-ақ майданға шақырады,
Деп большевик қарады Абдуллаға,
Сәл дірілдеп – көңілінің жапырағы.
Самарқанның сары аптап шілдесінде.
Аузыңды ашып бақадай күн кешір де,
Жүрегіңнің бұйрығы – шын сөзіңді айт,
Дүрілдеген заманның мінбесінде!
Қай жерде де толассыз дүбір-толқын,
Фигельский жетінші Сібір полкын
Әділетсіз соғысқа қарсы қойса,
Ал Фролов депоға жүгірді ол күн.
Шұғыл хабар Питерден тасқындаған
Куәсіндей дерттің бір асқындаған.
Өр Фролов сұп-сұр боп келді кешке
–Керенский жендет!- деп бастырмадан.
Питердегі қан төгіс Самарқанда,
Көктің отын өршітті жанарларда,
Большевиктер салды ұран – Соқты сағат!
Енді асылып қалмасақ фонарларда!
–Абдуллажан, тарт бүгін Қаттақорған,
Советтерді сондағы сақта, қорғас!
Большевиктік тапсырма – ең бірінші
Большевиктер сенімін ақта, жолдас!
«Барша өкімет – Советке!»– Ұранымыз!
Жаңа дүние, жолдастар, құрамыз, біз.–
Фигельский құлшына қолын қысты.
–Жетті, жетті, жас жолдас, шыдамымыз!
Шамырқанды Абдулла арыстандай,
Қиялы мен арманы жарысқандай.
Ленин қолын алған бұл алақан ғой,
Болашағы, бақыты табысқандай.
Дәл осылай Фигельдің қолын алып,
Ленин өзі белгілеп жолын анық,
Көкірегіне сенімнің нұрын құйып,
Аттандырып жіберген болуы анық!
Күрес алда!
Зор майдан, күрес алда!
Аттан, жігіт, атыңа міне сал да!
3. Қаттақорғанда
Қаттақорған – Зеравшан шетінде тұр.
Құмнан соққан керімсал өтінде тұр.
Мектептен соң тілмаш боп осында алғаш
Күн кешкен-ді Абдулла жетім-жесір.
Шойын жолдың жойын қол мықтылары,
Шойын қалпы алдынан шықты тағы.
Қаладағы Советтің қожасы екен,
Бірлігімен білекті ықтырады.
Меньшиктер, ұтшылдар, әерлері
Советтерге жабысқан кесел деді.
Өздігінен бермейді өкіметті,
Қаруменен қасқайтып шешер ме еді!
Көңіл күпті, сөз мығым жолшыларда,
Тартып алғын билікті қол шығар да!
Самарқаннан, әттесі, нұсқау да жоқ,
Тыныш әлі Жызақтай қоқсылар да!
Кек қайнады кеудеде қыжылдаған,
Бай-батшаның мұрты да бұзылмаған.
Қос өкімет тұра ма қосарланып,
Тойдырды елді көп былшыл ызыңдаған!
Мырзабайдың баяғы Әмірбегі,
Медресе бітірген Әмірдегі
Қаттақорғаи, Қызылқұм аймағында
Мұсылманға жердегі тәңір деді,
Датқабайы – Қызылқұм хан иесі,
Әкесімен мыңғырған мал иесі.
Мырзабайдың әулеті – құдай сүйген
Әйтеуір бір осы елдің әулиесі.
Еске салды бұл жағдай қашанғыны,
Ауыздықтап тоқтатар қашан мұны?!
Абдуллаға салса егер... Көрер еді-ау,
Өйткені, ол милиция начальнигі.
...Күндер жылжып барады ала-құла,
Ала-құла уақыттың қабағы да.
Мәуе пісе Әмірбек өзі іздеп кеп,
Абдулланы шақырды тамағына.
Дастарханда – Зеравшан жемістері,
Шарапты да екеуі кем ішпеді.
Балғын күнді, Қызылды сағынысты.
Көңіл құрғыр, қайтерсің сеніспеді.
Жамандарша жұлқысып, керіспеді,
Екеуі де өз ойып тегістеді.
Мұсылмандық мұратын Әмірбегің
Алла-тағла қолдаған жөн іс деді.
Тәңір өзі пендесін теңгермесе,
Кәпірлікті дүниеде жөн көрмесе.
Адамдарды теңгеріп, бақытты етем
Деп күпінбе - деді ол – сен де ендеше!
Әмірбектің мысқыл бар миығында,
Қос періште күлгендей иығында.
Біраз уақ Абдулла тырс етпеді,
Бір қонақтың естілді мырс еткені.
Сып-сыпайы Абдулла дастарқанда.
Деді әншейін қол жуып, ас тарқарда:
–Тәңір шешпес, тағдырды адам шешер.
Кешікпес-ау, шын күрес басталғанда.
Қоштасты да, жасады мәзіретін,
Қалың ойда шырмалды хазіретің.
4. Дабыл
Питердегі «Аврора» дүркірі.
Дүниені құдіреттей сілкіді.
Гудоктары Ташкенттің де дабылдап,
–Қолға ал!-деді өкіметті бір күні.
Самарқаннан хабар тосып отырмай,
Қақ жарды да найзағайдың отындай,
Большевиктер Қаттақорған билігін
Тартып алды, қағып жауды тоқымдай!
Басталды айқас жан беріп, жан алатын.
Күн де туды оттай лаулап жанатын.
Қаттақорған Советінде Абдулла
Жас қырандай жайды құрыш қанатын.
Меньшевигі, ұлтшылдары, әсері
Көкіп жүрген билеп-төстеп кешегі,
Ойламады большевиктер түйінді
Деп осылай бір-ақ шауып шешеді!
Қүңкілдейді,
қатындарша күндейді,
Қайдағы бір әділетке үндейді!
Індеріне тығылып ап сенгені –
«Болыневиктер ұзақ өмір сүрмейді!»
Жер туралы,
Бейбітшілік хақында
Петроград ұран салып, лапылдап,
Декреттер түсіп жатыр күн сайын
Бақытты өмір, нұр болашақ жақындап!
Ұрандайды бостандықты, теңдікті,
Ұрандайды туыстықты, елдікті!
Баршасында Ленин көсем қолы бар.
Абдулла да буа түсті белдікті!
Абдуллада тыным жоқ қой,
тыиым жоқ,
Тыныстауға күнің де жоқ, түнің жоқ.
Милиция начальнигі сәл ғана
Құйрық басып, көз ілгені бүгін боп.
Қызыл гүлдер, қызыл ұран жер-жерде,
Қызыл жалын буырқанған кеудеңде,
Ей, Абдулла, мықтап ұста қаруды,
Қалың жұртың сеніп саған бергенде!
Күрес алда!
Фигельский, Фролов
Самарқанда, мұнда жауың сірә көп!
Тіміскіген күндіз-түні жауларың
Бөліспейді мүшелерін құда боп!
Әмірбектің ниетін де білесің,
Ол да саған бере қоймас үлесін.
Ей, Абдулла, қалғыма, оян, басталды
Өліспестей берілмейтін күресің!
Көзін ашты.
Әмірбек тұр алдында.
Жымияды:
–Шаршап әбден қалдың ба?
Қиын, қиын алақұйын заманда,
Миың ботқа болады әлі, Абдулла!
Дағарадай ақ сәлдесі басында,
Жүзі жұмсақ. Шақар еді жасында.
Тасбиғымен бетін сипап, жайғасты,
Өкіліндей пайғамбардың расында!
–Керенский өкіметі кеп-кеше,
Ас ішпейтін елдің қанын төкпесе!
Сендердің де сиықтарың көрдік қой
Жатырсыңдар өштеріңді ап кектесе!
–Молдекесі, тњсінбедім сөзіће?..
–Тәңірім ақ, тура айтам көзіңе.
Астан-кестен қылды кеше мешітті.
Кәпір ісі. Сал иттерді тезіңе!..
— Мүмкін емес. Тексерейін мен бүгін.
Біз болмаспыз, хазірет!
— Енді кім?
Тәңірге де топырақ шашқан сендер ғой,
Быт-шыт қылып мұсылманның елдігін!
Абдулла сәл түзеп қойды белдігін.
— Молдеке, рас, көтерілді ел бүгін,
Жаңа ұғып бойда қуат, ерлігін!
Түзеп алар істегі артық, кемдігін!
Бір-ақ гәп бар:
Кімнің шотын шабасыз?
Бұл айқаста кіммен бірге қаласыз?
Ойласаңыз әгәр елдің елдігін,
Сол бірлікті көпшіліктен табасыз.
Іштей тынды, ызаланды Әмірбек:
— Орындаймын бұйырғанын тәңір тек!..
Үшінші бөлім
1. Күрес
Түркістанның өлкесі отқа оранды,
Ішкі-сыртқы жаулары оқ боранды.
Жаудырды кеп, Советтік Түркістаным
Өмір-өлім арасы – шоқта қалды.
Қоразданып, көп жерде басмашылар
Құтырынды іс жасап басқа шығар.
Тіміскінді түріктік Әнуар патша,
Әмірімен Бұқардың – басқасы бар.
Фигельский, Фролов мерт болды да.
Кеудесіне Абдулла өрт толды да,
Қайратымен қатайды большевик боп:
–Күрес алда! Мәңгілік серт болды да!
Талай-талай айқасты бастан кешті,
Кей күндері жер жанып, аспан көшті.
Әміріне Бұқардың барғанын ел
Жаужүректей жырлайтын дастан десті.
Аждаћадай азуын арандатып,
Беті жаман бара алмас адам батып.
Алты бірдей большевик зынданында
Кетесің бе белгісіз қараң батып?!
Қаптаған кез Бұқардың көгіне түн.
Большевик пе бірақ та шегінетін?!
Алты бірдей азамат зындандағы
Халін ойлап көбісі-ақ сөгілетін.
Қаймықпастан Абдулла барды сонда
Мандат алып, Әмірдей қанды қолға.
–Сен шоқынды, қалайша кінәлайсың,
Кәпірлерді бұл Әмір салды торға!
Хақ тағалам құп алар сөзімді де,
Салып қойсам зынданға өзіңді де.
Адасқанға айып жоқ аллам кең ғой,
Бар күнәңді жуатын кезің, міне!–
Жымиды Әмір.
Қасында бір сәлделі
Басын иіп:
–Алдияр, құрсан1!–деді
Жыны қайнап Абдулла іштей ғана
–Әттең, төбет, оңаша тұрсаң - деді.
–Өкілімін Советтік өкіметтің
Келіссөзге сізбенен өкілетті.
Кім күнәсін жуады кім алдында
Оны өмір көрсетер, о, құрметтім!–
Қалт жібермей уәж бен қалтарысты,
Әмірменен ырғасты, арпалысты.
Асқар тауға арқасын тіреп қойып.
Алып шыққан қапастан алты арысты.
Қалай ғана, япырау, тау дір етпек.
Оралған соң достары дәудіреп кеп.
Әміріңнен айбынып сескенбеген
Абдуллаға ат қойған – Жаужүрек!- деп.
Бас сауғалап сол Әмір қашқанында,
Бір өкініш қап қойған жас жанында!
Қуанышы жұлдыздай тұрды бүгін
Бұқараның Советтік аспанында.
Атып таңы, жұлдызы жанғанында,
Жау анталап жортуда жан-жағында.
Көңлі соқыр кедейдің біраздары
Басмашының қалтқысыз қармағында.
Мұсылманның ақ туын андағайлап,
Қалың елді үркіте қанға байлап,
Басмашылар бұл күнде, әсіресе,
Қаттақорған жерінде салған ойнақ.
Әнуар паша Бұқарға қайта оралған,
Ағылшындар көмегін айта оралған.
Он алты мың қол жиып, топтастырып,
Топан ажал тоғытпақ қай тоғаннан?!
Тәшкен барып Абдулла осы қыста-ақ.
Қаттақорған келген-ді асығыстап.
Бұқараның жарымын басмашылар
Қан Шеңгелдей отырды басып ұстап.
Әнуар паша жел берді сойқандарға,
Желік бітіп, әйтпесе, тойтаңдар ма?
Көктем жайнап, қыс еріп, жаз келгелі,
Соққыны да сойқандар аз көрмеді,
Қарақұлбек жалғыз-ақ өзгермеді.
2. Бетпе-бет
Құрбашы Қарақұлбек – қанды балақ,
Күйзелтті ауылды өртеп, малды талап.
Ырқына көнбегенді тірі көміп,
Баланы еңіретті, шалды сабап.
Әмірбек батагөйі құрбашының
Қалайда,
қамын жейді-ау бір басының,
Ашықтан қосылмайды құрбашыға,
Біледі мұңдасы кім, сырласы кім!
Шашбауын көтергесін Әмірбектер
Қол жайып күш жиғандай тәңір-көктен,
Құрбашы Қарақұлбек зәрені алар
Пышақты ұстап тұра кеңірдектен.
Бетпе-бет әккі зұлым айқаспайды,
Қашқақтап, із жасырып ойқастайды,
Абдулла қуғынына төтеп бермей
Әуелі маңды торып байқастайды.
Зеравшан бойындағы Каттақорған,
Абдулла бастап бүгін атқа қонған.
Сақ, бірақ, сауысқандай Қарақұлбек,
Шам алып түскелі оған апта болған.
Бардай-ақ оқ қағары ұстатпайды.
Әмірбек ол жайында тіс қақпайды.
Сытылып кетеді-ақ ит жеме-жемде
Сыртынан қызылдарды сықақтайды.
Естиді мәз емесін күн көрісі,
Тарыла түскен сайын күнде өрісі.
Ел безген,
енді өлексе аңдитұғын
Қорқауға айналыпты «құм берісі».
Аш қорқау – шын ашыққан кездерінде,
Шашырап ажал оты көздерінде.
Шабады шыбынға да шілдедегі
Тірліктен тұралаған безгенінде!
Абдулла қуанды айла тапқанына,
«Құрбашы өзі-ақ түсер қақпаныма!»
Уезден облысқа керуен тартпақ,
Сауысқан сезбес «сақтық» сақтады да!
Сыбырлап сыр ашқандай тәңір көктен,
Бір сыбыс қағыс қалмас Әмірбектен,
Хазірет бойындағы «көріпкелі»
Әрдайім ауылына қадірлі еткен.
Олжалы, керуен жайын құрбашыға,
Жеткізді жымысқылап сұм да асыға.
Басмашы алақайлап «берді құдай»
Қыдитты аңдушысын қыр басына.
«Жігіттер, күнің құрсын алақтаған,
Өлсін деп мені құдай жаратпаған!–
Бөседі Қарақұлбек мұртын сипап,
Дем бере кұзғындарға жалақтаған!
Дәніккен оңай олжа талағанға,
Жол тартқан қышлақтан да, қаладан да.
Керуен – батпан құйрық жолда жатқан
Көк ішек ауылдарға қарағанда!
Самарқан Қаттақорған арасында,
Мың жықпыл жасырынып қаласың ба?
Оқыстан әлде атылып ес тандыра
Желкеден сілеусіндей аласың ба?
Алайда, Құрбашының сұм жүрегі,
Абдулла атағынан тұнжыр еді:
«Нар кескен найзағайдай тажалы» деп
Басмашы атаулымен бір жүреді.
Біледі Қарақұлбек бәрін-дағы,
Екенін шибөрілер жанындағы.
Қапыда қолға түссе, ел кешірмес
Біледі, мойындағы қанын тағы.
Көңлінде жалғыз медет –«құдай жолы»
Сұраса, құдай ғана сұрайды оны.
Ақ туын ұстағасын сол құдайдың,
Кешірсін, кешірмесін былайғы оны!
Тістеніп Қарақұлбек қайраттанды,
Шайнардай Абдулланы айбаттанды.
Сол сәтте белгі берді қыр басынан
Сойқандар жолды кескен сайға аттанды.
Байқаса, күзет күшті керуенде,
Ып-рас, шықпағаны серуенге!
Пар атты отыз арба, отыз әскер,
Соққыны жойқын соққан еруленде!
Үмтылды өкпе тұстан андағайлап!
Апыр-ай, сықырлаған арба қайда?
Оқ төгіп қоя берді пулеметтер
Туды ғой сойқандарда алмағай шақ!
Құрбашы мұрттай ұшты ат үстінде,
Заматта тына қалды атыс мүлде!
Ес жиып, көзін ашса,
Жас жігіт тұр,
Түсім де, мейлі өңім де, шатыстым де!
Тұлғасы тұғырдағы қаршығадай,
Отты көз бет бұратын жан шыдамай!
Қиық мұрт, тәмпіш мұрын, шымыр дене,
Күреске деп тұрғандай алшы қалай!
Денесін Қарақұлбек майға бөккен
Кетерді ыңырана жайлап, еппен!
Сүйегі салқам-салқам салдырайды,
О, сұмдық, қайрат-күші қайда кеткен!
–Құрбашы! Мен Абдулла!
Мысы басып,
Басмашы қалтырады түсі қашып.
–Құрбашы, кездестік пе?–
Қарақұлбек
Ақырын:
– кетті, бала, ісің асып!
...Әттеген, Әмірбекке алданғаным...
Білмедім сен кәпірге жалданғанын.–
Бармағын тістеді де, бас шайқады.
–Садақа бір аллаға қалған жаным.
Малайы ең Мырзабайдың тілік табан.
Тағдырын күнілгері біліп пе адам?..
Ең соңғы өтінішім – осында өлтір,
Мәз болсын мынау өңкей шірік надан!–
Ащы тер ылайланып самайына,
Құрбашы одырайды маңайына.
Шулаған шиберілер әлгіндегі
Үні өшкен,
ой түсті ме сарайына!
–Құрбашы, күпір болма құдайыңа,
Әмірбек адал саған ұдайы да.
Біз оны жаңылдырған есебінен...
Айтпапты-ау естігенін кеше кімнен,–
Абдулла жігіттері қарқылдасып,
Бет алды қала жаққа жарқын басып.
Ертесін Абдулла да Самарқанға
Аттанды, қоштасты жұрт қауқылдасып.
Төртінші бөлім
1. Комиссар
Самарқант, Бұқар-жағы тынышталды.
Бірі өліп құрбашының, бірі ұсталды.
Шақыртып Абдулланы орталыққа,
Совнарком комиссарлық жұмысқа алды.
Тазармай Түркістанның бар аймағы,
Ферғана жазығында Алайдағы,
Басмашы бандылары құтырынды,
Соларды құрту міндет – қалай дағы!
Ферғана майданының штабында.
Каменев 2 кеңес берді қысқа-қысқа:
Алай мен Қаратегін жаққа қуып,
Тықсырып ұстау таудың қыспағында!
Кіші Алай, Жоғарғы Алай тұстарында,
Памирге басын тіреп қысқанында,
Тоқтамат, Нұрмат, Манас бандылары
Байқамас қалай жаны ұшқанын да!
Комиссар аты аңыз бар аймаққа
Тағы да отрядпен Алай жаққа
Аттанды басмашыны дірілдетіп,
Мадақта, жарасады қалай мақта!
Алайды қырғыз-өзбек мекендейді,
Таулары оқ жетпейтін төтен дейді.
Құрықтап құрбашылар ауылдарын
Тау асып қытай-ауған кетем дейді.
Құрбашының бір-бірімен күндестердей
Ниеті көксегені үндес келмей,
Жұлысып жиі-жиі қалады екен,
Дәл қазір бірді ескеріп, бірді ескермей.
Оқушым, қызық емес баяндаған,
Тарихтан аян саған, аян маған,
Сатқындар шетке барып қаңғып өлген
Әйелдей талақ қылып байы алмаған.
Бірақ та, даттамаймын көпшілікті,
Бастарын алаяқтар көп шірітті,
Екі айда Алайдағы қызыл жалын
Өртеді бықсып жаққан жоқ шірікті.
Отряд командирі Маликовтың
Көңілі – алаң-елең, әлі күпті.
Тиіссе қашып-пысқан қарақшылар
Күйінер шыдамастан жаны тіпті.
Таулардан күзді еске сап жел ескенде,
Дихандар ойпаңдар мен белестерде
Ырзықты жиын-терін бастаған кез,
Оңаша комиссармен кеңескенде.
Комиссар командирге бір сыр ашқан:
–Федорыч, күздің мынау бұлты басқан,
Таулардың төмен қарай телміргені
Диханды елестетер сұрқы қашқан.
Төменде төгілетін масағынан
Егін бар,
ал диханға аса мұнан,
Байлық жоқ. Сол дихандар бізде жүр ғой
Көз салшы еріктілер жасағына.
–Ия, комиссар!
Дараут-қорғандағы жиналыста.
Тұрғандар желке қасып қиналысқа
Орақтың жақын күнін айтқанында
Мергеннің оғынан да тиді алысқа.
Комиссар, мен де дихан баласымын.
Россия, Рязань даласының...
— Япыр-ай, тұйықсың-ау, Федорович...
— Так, что мені де қос, қарашығым.
Маликов есіне алды өткен күнін,
Соғысқа солдаттыққа кеткен күнін.
Командир жан дүииесін бір ақтарды,
Ох, шіркін, желпінуі көптен мұның.
Киевте «Арсеналда» контраны
Талқандап, гвардия ол құрады.
Бірінші Қызыл әскер қатарына
Ойланбай қару ұстап ол тұрады.
Верныйда, Алатаудың етегінде,
Солдаттар контраның жетегінде
Салғанда бүліншілік, полк бастап,
Барады Фурмановпен екеуі де!
Абдулла сенер-сенбес, шын күдікті,
Чапаев комиссары Фурмановты,
Білетін, білгенді қой жорықтаспен
Майдандас боларын-ау кім біліпті!
Маликов:
– Комиссарым, бөстім біраз,
Майданды тілерсектен кештім рас.
Тоқтамат, Нұрматтардан қашып халық
Түсті ғой таудан темен,
асықпалық.
Тоқтамат, Нұрмат, Манас бандысына
Жасайық қарап қимыл андысына.
Аулына жасақтарды күз түспей-ақ
Жіберер уақыт таяу қалды, сірә!
2. Жекпе-жек
Қадырбек Қамшыбеков – қырғыз жігіт.
Жанында жарқыраған нұрлы ізгі үміт.
Кеудеде-қызыл тулы ордені бар.
Маңдайда – бес бұрышты жұлдыз күліп.
Біледі бес саусақтай Алай маңын,
Өскесін бағып байдың талай малын.
Қадырбек – бес қарулы милиционер,
Жүректе арқалаған жан арманын.
Кезінде Мүәдибек бандысын да,
Тұқыртып тұтқындаған қанды сында.
Сол үшін орден алып,
ер атанды.
Барыстай батыл барып қарлы шыңға.
Белгілі Қадырбекке Манас жайы,
Алаяқ тау ішінде адаспайды.
Өлімге басын тіккен жендет осы,
Өр кеуде ешкіммен де санаспайды.
Асуды қар бітемей Памир асып,
Кездесу «достарымен» жамырасып,
Қылышын қайта қыннан суырып бір.
Жіберу және Алайды қуырып бір.
Қозғамай өз ауылын қазірінше,
Амалдап көктем менен жаз ілінсе.
Оңалып кетем деген есек дәме,
Ендеше, таудан суыр қаз інінше.
Барар жер, паналар тау Алай ғана,
Манасты осында ұстау қалайда да!
Қадырбек шолып қайтқан Қарамұқты,
Бекінді тұзақ құрып жаңа айлаға.
«Суытты күн де тауда азынаған,
Атқа жем, адамдарға азық алам»
Деп хабар бергенін де құрбашының
Көңілге Қарамұқта жазып алған.
Комиссар:
– Қадырбегім жарайсың!- деп,
Ал, енді айқасқа сен қалайсың - деп.
Арқадан қағып өзі ойда қалды:
–Өзіңді, өзіћ қалай санайсың - деп.
Тығылған Манас інін біліп алған.
Отряд бірі – арттан, бірі – алдан
Қоршалап жылжып берді бой тасалай,
Бандыны, талай бейбақ құны қалған.
Кішкене, Кәтта атты Қарамұқтан,
Заматта топырлаған қара бұлттан
Жаңбыр да сіркіреді аңдығандай;
Желі де көтеріліп жаңа бұққан.
Бандыны орағытып кеткендерден
Сыбыс жоқ,
жаңбыр ғана көк пен жерден,
Сорғалап, төгіледі шинельдерден,
Бөріктен, ала шапан. шекпендерден.
Алаңдап комиссардан тағат кетіп,
Барады шамалаған сағат та өтіп,
Тап берсе тұтқиылдан күтпей белгі
Кім білед, жүре ме әлде ағат кетіп?!
Салт атты, асу жақтан шыға келді
Бандылар!
Жаны бар жан бұға ма енді!
Комиссар.
–Ур-а-а, алға!-деп ұмтылды
Қылышы қынабынан шыға берді.
Анау да айбар шегіп атжалмандай,
Оқыстан қаћар мініп от жанғандай,
Қылышын көкке жанып қарсы шапты
Бір шауып қақ жаруға оқталғандай!
Мұныңыз аты шулы Манас еді,
Сырттай-ақ Абдулламен талас еді.
Қайқая құлаштап кеп ұрды дейсің,
«Көрейін жекпе-жекте бала сені!»
Абдулла жалт бұрылып қаққанында
Құлады құрбашыңыз ақтарыла,
Қылышы қолдан ұшып түсті жерге
Жармасып әрең қалды ат жалына.
Мінгені астындағы сүлік қара,
Тізгінді тартқанында бұрып қана
Ытылып тұра шапты қан додадан
Ойнақы ойқас салып қылықтама!
Тірідей!
Біреу қатты бұйырғандай!
Жүрекке намыс күші құйылғандай,
Босатты аттың басын Абдулла да,
Жалт бұрып шабысына сиынғандай.
Қамшыдай Абдулланың күреңі де,
Қуғынның желкөзденіп сүреңіне.
Атылды өршелене өлермендей,
Жануар ер намысын біледі ме?!
Болғанда құйрық тіркес құрбашыға,
Тізгінді оңтайлана бұрды асыға.
Маузерге қолын салды-ау бұ кәзабың,
Абдулла, ұр қылышпен, ұр басына!
Құрбашы оң иығын салбыратты,
Жалына сүлік қара қалды қатып.
Бұ кезде Қадырбектер келіп жетті,
Шатқалды шатырлатып, даңғыратып.
Абдулла көрді аспанның ашылғанын,
Жаңбырдың саябырлап басылғанын
Сүйсініп жігіттерге қарап тұрды,
Ақырын:
Қырандарым, асылдарым
Жаралы Манас сол күн Тоқтаматты
Тістеніп жеті атадан боқтап жатты.
Жігіттер Тоқтаматқа аттанғалы
Кешкісін мылтықтарын оқтап жатты.
Ертесін Тоқтамат та талқандалып,
Қосылды Манасына арқандалып.
Кешікпей Нұрматы да бандысымен
Берілді Абдуллаға жалпаң қағып.
Бұлт көшіп,
күн күлімдеп Алайда да,
Қызыл ту желбіреді арайлана!
Бесінші бөлім
1. Қызылқұмда
Абдуллаға Ұлы Ленин қазасы,
Ғұмыр бойы таусылмайтын азасы
Қасіреттей ауыр тиді, кей-кейде,
Болар ма деп ойлар тағдыр жазасы?..
Түркістанға хат жазғаны кеше еді.
Гуілдейді желбуаздар есегі.
Тап жаулары көртышқандай тығылған
Бас кетеріп, байқап көрмек деседі!
Ит үргенмен, Қызыл керуен көшеді!
Сара жолмен салып берген көсемі!–
Партия анты Большевиктер қатары
Өсіп жатыр, мәңгі осылай өседі!
Абдулланың түйгені бұл бір айда;
Алған беттен тайдыра алмас құдай да!
«Күрес алда! Күрес әлі біткен жоқ!
Тап жаулары тартысатын сыңайда!
Мына көрші Бұқараның жерінде
Шегірткедей шапқан өркен егінге
Басмашылар жас өмірге ылаң сап,
Жалмап, тайпап қоймақ оны көгінде!
Қаттақорған, Жызақпенен қанаттас
Қызылқұмда күн туғандай таң атпас.
Абдукахар бандысының сойқаны
Сол бњлікпен ауылдағы сабақтас.
Абдулламыз комиссар боп тағы да,
Февральда келді Бұқар жағына.
Отряд та жұдырықтай жұмылған
Дайын екен, комиссардың бағына!
Аттан!–десең аттанғалы тұр бәрі,
Бірақ жағдай өзгешелеу құмдағы,
Нұрата мен Керминені аралап,
Ауылдардан әңгімені тыңдады.
Сол баяғы алауыздық дертімен,
Ішіндегі рушылдық өртімен,
Бірін-бірі барымталап жатқан ел
Жылан жылғы жұлқысудың сертімен.
Қызылқұмда қызыл көрген құзғындай,
Басмашыдан ауыл іші ызғындай,
Бір-біріне айдап салып руды,
Өршітіпті оты сөнбес дыруды!
Жиындарда өткен-кеткен жайдағы
Ренішін тырнап ашып қайдағы,
Төбелеспей тарап кедей жатады.
Ақысын да сұрамастан байдағы!
Рулардың қожа-молда, байлары,
Тауып алған кедей сезбес айланы.
«Басқа атадан біздің ата кем бе?»-деп,
Көр көкірек намыстарын қайрады.
Мұны Абдулла бүгін тағы байқады,
Сәл жымиып басын ғана шайқады.
–О, жамағат, қњлағың сал, мен емес,
Баяғылар бір әңгіме айтады...
Жамағаты тына қалды лезде,
Көздерінде қулық күліп бір өзге!
Қызылдардың комиссары, шынымен,
Ескі сөзді тірілтпек пе, сын өзге!
–Баяғыда кедей жатақ сендердей
Екі ата екен.
Бірін-бірі тең көрмей
«Біз мықтымыз!»- деп жұлқысып жүргенде
Жоқшылықтан жұтапты әбден әлгендей!..
Жұтағанын көріп бірі-бірінен
Ыза-кегі ұйқтатпапты түнімен...
Кедейіне бір атаның қыдыр кеп:
«Тарықтың-ау, мүсәпірім, шынымен.
Не сұрасаң тілегіңді берейін
Алтын тауды сұра, мейлі көнейін.
Хан сарайын
Мың-мың жылқы... Бірақ та
Басқа атаның сен сияқты кедейін
Екі есе ғып жарылқаймын» депті ғой.
– О, жарықтық!
–Аржағын айт!
–Анау-мынау кепті ғой.
–Есіттің ғой,- қыдыр ата талабын.
Не сұрар ең,-деп комиссар,– қарағым!
Шоқпыт-шоқпыт жас жігітке қарады.
–Екі есе ғып жарылқайды ананы
Деп тағы да бір шоқпытқа қарады.
–Неге оған көп беред?– деп жаңағы
Ызаменен қатуланды қабағы.
— Әй, Саттарбек, Датқабайдың жындысы!..
— Мысал қылып айтып тұр ғой бұл кісі.
Комиссардың дір ете қап жүрегі
Ызақорға қарай жәймен жүреді.
— Оу, комиссар, анау кедей не-депті?
— Иә, соны айтсай...
— Не болыпты тілегі?..
Ызақорға қарап тұрды ақырын;
Былай депті, сонда кедей батырың;
— Бір тілегім дұшпаныма барғанда
Екеу болса, мен ризамын жалғанда,
Бір көзімді ал,
мен масайрап жүрейін,
Ата жауым көрсоқыр боп қалғанда...
Қазақ сөзге бас иген жан қашанда.
Жер шұқылап,
қуыс таппай қашарға
«Ата жаулар» мына отырған, ойпыр-ай,
Айыптыдай төмен қарап сасар ма!
–Ленин!- деген комиссардың даусына,
Елең етіп, шапандарын қаусыра,
Апыл-ғұпыл көтеріп ап бастарын,
Қарай қалды көздерінен таусыла!
— Ленин жолдас, кедей-кепшік, жарлыны
Бір адамның баласы деп барлығы,
Ру түгіл ұлтына да бөлмеген.
Жоқшылықтың, тұрмысыңның тарлығы
Бай мен бектің кесірінен барлығы.
Бай мен бектер жері менен малы үшін
Жанталасса, өз басының қамы үшін.
Өңкей кедей, не жоқ айтшы сендерге
Жыртатындай сол сұмдардың намысын?!
Қараңдаршы, құрбашылар, кім дейсің?
Бай екенін, кәне, қайсың білмейсің?
Тышқақ лақ жоқ.
Үстіңдегі шоқпыт па?
Неменеңді бір-біріңнен күндейсің?
Ленин жолдас қолын қойған декрет
Кедейлер мен жұмысшыға өкімет!–
Деп жазды ғой тайға басқан таңбадай,
Міне, соған байбатшалар өкінед!
Бір-біріңнің көзіћді ойып жүргенде,
Рахаттана күлер байлар күлгенде,
Сендердікі бұл Советтік өкімет
Басты көтер, ит жалтақпен күн көрме!
Сездірмейді саған бұрыс, дұрысын.
Олар үшін сен кешегі құлысың!
Көктен емес, қолмен алған бақытқа
Ие болмай жүргендерің, құрысын!
Сендерсіңдер алға қарай апарар
Ұлы Ленин ұлы ісін!
Абдулланың даусы оғаш зорайып.
Көрінгендей одағайлау, сәл айып.
Сезе қойып бәсең үнмен қорытты:
— Ал, жолдастар, Ленинге адал болайық!
— Әй, комиссар, не істеу керек ол үшін!
— Қызылдарға беру керек қол ұшын.
— Абдукахар алдырмайтын албасты.
— Оңай емес қызыл жұлдыз орысың.
— Қызыңды бер, құда болып қызылға.
— Әй, сұмырай, сен былшылдап бұзылма!
— Датқабай ғой бүгін датқа қызылда.
Тағы да алдан шықты, міне Датқабай...
Бала күнгі асық досы жат қалай!
Әмірбектің әлегінен кейін ол
Жүр дейсің бе кек мылтығын оқтамай?
Қарақұлбек атылған соң, Әмірбек,
Хақ жолына бері үндеп, әрі үндеп,
Түк бітірмей Бұқараға ақыры
Қашып кеткен тәңірінің «қамын жеп».
Сол Әмірбек қазір қайда, беймәлім,
Әлі жалдап жүр ме «хақ» деп иманын!
Ұзынқұлақ хабаршышы Датқабай
Басып жатыр жамбасқа іні сыйларын.
Қайдан тауып жатыр оңай олжаны
Көмескілеу көрінеді сол жағы.
Датқабай мен Абдукахар арасы
Әмірбекпен, сірә, жалғас болғаны.
Қызылқұмда жортқан соңғы жырынды
Абдукахар азуы жоқ бұрынғы.
Тұзақтың да тарылғанын білген соң
Жанталаса жан-жағына ұрынды.
Күні кеше әмір, паша есірткен
Әбжыланың бүгін құмда кесіртке.
Қолға түссе, ашулы ауыл түтіп жер,
Ара түсіп құй кешірт сен, кешіртпе!
Жасағыма ұнай қоймас ендігім,
Деп Абдулла буды мықтап белдігін.
Жалынындай жау жорықтың ертеңгі
Қызылқұмның иығында сөнді күн.
2. Жұлдызды таң
Ой-хой, шіркін Қызылқұм!
Қызылқұмым!
Қызыл тудай көгіңде қызыл күнің
Жарқыраса бақыттың шұғыласындай,
Құлпырады Құмыңда қызыл гүлің!
Көңіл хошы бұрқырап көктеміңде,
Өмірге осы аңсаған жеткенің бе!
Ертеңіңе жүрегім елжіресе,
Өкінішім, өксігім – өткеніңде.
Теңіз әлі-ақ шалқиды, шағылың да,
Таусылмайтын тіршілік ағынындай.
Жайқалады жас өмір өркендері,
Толқып жатқан көгілдір сағымыңдай.
Жұлдыз жанған қараша үй түндігінде.
Жатқандайсың жұмыр жер кіндігінде.
Тұнжыраған түн қыздың жанарындай,
Ғашық еткен дүние-ай бірді-бірге!
Кеуде кере арманмен күрсінді де,
Қиял шіркін шыңырау құрсын мүлде!
Жерді құша Абдулла аунап түсті.
Жүректегі баспақ па дүрсілді де!
Қараша үйге бір қара таянғанда,
Қарғып тұрды ұйқыдан оянғандай.
Енді барып таныды:
–О, Саттарбек!–
Кейде жүрек, япыр-ау, қоян қандай!
Саттарбек кеп жанына жайғасты да,
Үнсіз-түнсіз отырды алғашқыда,
Абдулла да күтпеген бұ келісті,
–Қалай, Саттар, не гәп бар, хал
жақсы ма?
— Хал дегенің, ақсақал, қалпақта ғой,–
— Шырт түкірді,–
Мәселе, мал тапта ғой
Күліп қойды Абдулла:
— Солай дегін.
— Шынын айтсам, ақсақал, қалай дейін.
Бір нәрсеге көзімді жеткізбекпін.
Мен білмеймін жүргенін көкті іздеп кім?
...Қозы баққан сонау бір кезіңізде,
Қаражатын аямай өзіңізге,
Оқытыпты Мырзекең орысшаға
Билік бермей сол кезгі болысқа да.
Енді жау боп Мырзекең әулетіне,
Таршылықпен қарайсыз дәулетіне.
Жеткеніңіз сол білім арқасы ғой,
Мұнша атаққа, болмай ма тәубе етуге!
Әмір көкем жүр бүгін жау бетінде,
Кім көнбейді алланың нәубетіне!–
Ойламапты-ау ешқашан бұ жайында,
Ал, мынаның лықсиды ыза ойында;
«Жақсылыққа жамандық жасаған ит!
Деп отыр ғой,– аузыңды бұзайын ба!»
Сонау жылы Әмірбек кездескенде,
Қожа, малай оңаша кездескенде,
Мәрт екен-ау сабазың тіс жармаған,
Тәккаппарлық көрсетіп сезбес пенде!
Терең ойға Абдулла шомып қалды,
Есіне алып қанды ажал жорықтарды.
Саттарбекке қалайша түсіндірмек,
Қалай бермек жауапты толық қанды!
Тысқа шықты екеуі үнсіз ғана.
Сыбыр-сыбыр ете ме тілсіз дала?!
Аңырайып Абдулла тұрып қалды.
Мынау жеткен, япыр-ау, мұңсыз дала?!
Қара көк нұр жамылған құм түнінде,
Алтын күлкі тамшысы кірпігінде
Мөлдіреген жұлдыздар ойнақшиды,
Қызылқұмның дүбірлеп жыр тілінде!
Аңырайып Абдулла тұрып қалды.
Сұлулықпен жүрегі құрықтанды.
О, Қызылқұм, қып-қызыл жүрегімдей!
Жан дүниесі желпініп рухтанды!
Жұлдыздарға ұмтылып өр екпіні,
Қанат бітпей қайтесін өрекпіді!
Түсті есіне бір көктем қозы баққан
Қайта оралмас армандай ерек күні!
Сәл күрсінді. Қарады жұлдыздарға.
Асыл дүние астында құзғын-қарға
Әлі ұшып жүр, сасытып өлексіні,
Айналдырып көктемді түнгі ызғарға!
Саттарбектің бір қақты иығынан,
Шыққандай-ақ шым сұрақ тұйығынан.
Саттарбек те сезген бе толғанысын,
Жұлдыз күлді көзінің қиығынан!
– Сенікі жөн, Саттарбек, бір іспеттен...
Сыныңды да айтпаймын бұрыс деп мен.
Жақсылықты ұмыту – жаман ісі.
Мырзакеңнің онысы – адам ісі.
Қызықпаймын Датқабай дәулетіне,
Өштігім жоқ Мырзабай әулетіне.
Қайтем малын тартып ап, мал қылмаймын,
Баяғыдан жанымда бар бір қайғым.
Жүргенімде соңында қозы-лақтың,
Айдалада бір патша өзім-ақпын.
Қошақандар қутыңдап ойнағанда,
Жыладым деп айтсам дәл көзім ақсын!
Мен де ойнадым солармен ертелі-кеш...
Қызылқұмның көктемі ертегі деш!
Түнге қара, бар дүние сүйсінгендей,
Қызылқұмды кім сүйсе, сүйсін мендей!
Жүрек-қанға сіңірген исін сендей,
Азабына аянбай күйсін сендей!
Өзін мықтым санайтын жүректі де.
Саттарбектің денесі дір етті де,
Дегбір қашып, ішінен күбірледі:
–Шайтан арбап қойған ба бүгін мені.
Рас болса жиында айтқаныңыз...
Қайғыңыз не? Ақсақал, айтпадыңыз.
Шынын айтсам, менің де осы күнде,
Көңілімнің болмай жүр хошы мүлде.
Абдулла да байқады жігіт жайын,
Сонша неге қадалды бұ мүттайым?!
Әмірбектің жансызы болсашы ше?
Қайткенде де сақтықты ұмытпайын!
— Қайғы жайын сұрадың әлгінде сен
Сенесің бе, уайымсыз қалдым десем...
Атағым бар, даңқым бар, от басым бар,
Күндегендер тұз жалап, шоқ басыңдар!–
Деп жатуға бар бүгін хақым да рас.
Бірақ, Саттар,
мұны арым мақұлдамас!
Боллшевикпін!
Лениннің солдатымын!
Біздерде еш болмайды жанға тыным!
Жылағандар жұбанып,
жарлы байып,
Өмір сүрсін адамдық сәнге лайық!
Айттым жаңа, жүргенде қозы бағып,
Ойларым да өзінен өзі лағып,
Ертектегі өмірді аңсағанмын.
Көз жұмғанша, сол жолда жан саламын.
Кембағалды кіріптар есігінен
Құтқарсам деп байларға өшігіп ем.
Датқабайлар алдында телмеңдемей
Бақытына ие боп сендей кедей.
Сонда қайғым, Саттарбек, тарқар еді,
Соған жетсе, жер шары барша әлемі.
Қасық қанды аямай сарқар едім.
Дүние қандай, қарашы, шалқар еді.
Қызылқұмның үстінде жарты әлемі!..
Саттарбектің тамағы кеберсіді,
Қиялдай ма жан сенбес шегер сыры?!
Бақыт атты сөзден-ақ көңілінде
Тыпыршыды ақ арман көгершіні!
Абдулла да сезгендей жігіт күйін,
Мұндай сәтте жалаңаш үгіт қиын!
Қозғамаса жүрегін ашқан сырын,
Әкетеді қаңғытып үміт-құйын!
–Білем, сенде, жоқ әлі қатын-бала,
Бар байлығың – астыңда, атың ғана.
Кұң орнында шешең де жүрген шығар,
Бір сен үшін отпен кіріп, күлмен шығар.
Менің анам байғұс та солай еткен.
Жеткізем дегі жетімін қалай етсем...
Шоқ түскендей шыжғырып салқын қанға,
Саттарбектің жүрегі алқынғанда,
Көмейіне кептеліп, буын-құрып
Жер шөктірді, байғұсты буындырып.
— Әбекесі-ай, мен итті өлтіріңіз.
Кәлимаға тілімді келтіріңіз.
Әкең аузын... Әмірбек жұмсап еді,
Неге қор ғып жаратты мұнша мені.
Абдуллаға жығылып еңкілдеді.
Өксігінен иығы селкілдеді.
Запыраны шықсын деп үнсіз тұрды,
Не істесе де, комиссар еркінде енді!
Саттарбектен естіген гәбі былай:
Комиссардан құтқарса тағы құдай,
Абдукахар, Әмірбек Иран етпек.
Датқабай жүр әзірге жағынып-ай!
Құрбашы емес, қорқады інісінен,
Ішін тартқан дайынсыз жүрісінен.
Абдукахар алдында құр жорғалап,
Қалай шықпақ қоршаулы құм ішінен?!
Құрбашының біледі жанталасын,
Сақтап қалу – арманы қаңқа басын.
Екеуі де Датқабай дәулетіне
Көз тігеді, алмақтай алты аласын!
Саттарбекті Әмірбек жібергенде:
«Хақ өлімге бір басын тігер пенде.
Комиссарды мерт қылсаң, бірге ап кетем,
Абдукахар алтыны түгел сенде!»
Деп кағыпты арқадан, құран ұстап,
Мазаламай әрнені сұрағыштап.
Ал, Датқабай оңаша Саттарбекті:
– Қызылдарды тан алды ап кел депті.
Саттарбектің жараулы жалғыз атын,
Сыңайы бар құрбашы алғызатын.
Басмашыны қоймайық басындырып,
Депті тағы – күн туды қан қызатын!
Өкіметке іс қылса, пайдаға асып,
Қызылдардың есігі байға да ашық.
Өлсем,– орным Қызылқұм, сандалмаймын,
Туған жерден барам мен қайда қашып!
Датқабайдың айтыпты кесімін де,
Бір сүйеніш іздейді осы күнде.
Теңдігің ал, Саттаржан, депті бір күн.
Жүре бермей әркімнің есігінде!
Шөре-шере ойлардан бас қатырып,
Кейбір сәтте соқпастан асқа құлық,
Жиынға кеп Саттарбек комиссарға
Кездеспесе, кетпекші-ау қасқа құрып
Түн ауғанда жұлдыздар жамырасып.
Жарқырады жаңа күн таңына асып.
Комиссар да әскерін тік көтерді,
Жортуылға жаужүрек жаны ғашық!
3. Ақын сыры
(Эпилог орнына)
Мен емес тарих куәлап,
Жырлайды ердің ерлігін!
Қазақтан ұлдар туады-ақ,
Танытқан елдің елдігін!
Ардақтап атын ел бүгін
Ұрпаққа үлгі тұтады.
Мақтаныш етпес ерді кім?
Мен де бір өскен бұтағы.
Ұлы емес жалғыз атаның,
Адамның ұлы болғасын,
Өзімсіп жырлау атағын,
Әнтек қой, күллі ел толғасын!
Тәжік пен өзбек жерінде
Абдулла батыр есімін,
Қастерлеп көңіл төрінде,
Тербейді аңыз бесігін.
Самарқан барсаң, маузерін
Көресің музей залынан,
Памнрге барсаң тау жырын
Тыңдайсың Куляб маңынан.
Көшесіменен батырдың
Жүресің қала, қышлақта.
Батырға, тегі жақын кім,
Қозғама оны еш уақта!
Комиссар,– кеше ол Памирде,
Комиссар,– кеше ол Алайда,
Басмашы біткен тәңіріне
Жалынып одан қалайда
Құтқаршы деген еңіреп,
Жеті қат жерге жеткендей.
Бірақта, тәңірі меңіреу,
Қызыл боп о да кеткендей!
Найзағай, нөсер жауына
Құтқармас қызыл қаћардан,
Октябрь туын тауына
Тіккен ол – Қызыл Қаћарман!
Жорықта жүріп аламан
Жабысқан дертке қағына,
Шипа іздеп туған даладан,
Оралған еді-ау сағына!
Бірақта, жанын күткен жоқ,
Екпінін жаңа дәуірдің
Көрді де,
–Күрес біткен жоқ!
Алдына түсті қауымның.
Мақтанар Сыры, Ертісі,
Таласы, Шуы, Ырғызы,
Ел сүйген мұнда ер кісі,
Өмірде жанған жұлдызы!
Ақтөбе, Семей, Жамбылдан
Іздерін көріп батырдың,
Оқисың жерден жаңғырған,
Жырындай қалған ақынның!
Шәуілдір барсаң, егерде.
Музейде қыран келбетпен
Жымия қарап дегендей:
– Ғажап-ау туған жер неткен!
Алматы келсең, асықпа,
Іздеп бар батыр қабірін.
Жүректі, бірақ, жасытпа,
Кетірер ердің қадірін!
Біздерге – алтын шаңырақ
Алатау менен Алматым.
Сонау жыл күзде аңырап,
Жерлеген Ленин солдатын.
Барғанда қайрат жүрекке
Құйылсын құрыш антыңмен!
Дұшпаннан ешбір дір етпей
Болам де мәңгі халқыммен!