Абайдың он жетінші қара сөзіндегі «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» сөзінің мәнін талдап жаз
Дана Абай, дара Абайдың оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған, шығармашылығының өзегі болған туындылары – ғақлиялары. Қырық бес
қара сөз жазған Абай қара сөздеріндегі идея да қырық бес түрлі. Ұлы Абайдың дәл сондай даналыққа, терең ойға бай қара сөздерінің бірі әрі
бірегейі, философиялық астары терең ғақлиясы – он жетінші қара сөзі. Дәл осы ғақлиясында «Абай неліктен ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста деп өсиет етті?» - деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік.
Абайдың аталмыш ғақлиясының жазылу сипаты да, оқырманға жеткізілу сипаты да өте ерекше. Қара сөз қайрат, ақыл, жүрек үшеулерінің талас-
тартысынан, айтысынан басталып, ғылымның әділ төрелігімен аяқталады.
«Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - дейді қайрат.
«Менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - дейді ақыл.
«Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп
еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай
таласады?» - дейді жүрек.
Адам бойын билеген ақыл, қайрат, жүректің сөздері арқылы мінез кеселдерін шығарып алып, ғылымның төрелігі арқылы Абай адамзат баласына тұтастай төрелік етеді, ғылымның сөзі арқылы Абай күллі
адамзатқа үндеу тастайды. Демек, ақынның осы қара сөзіндегі қозғаған негізгі идеясы – адам ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстағанда ғана толық адам кейпіне ене алады, ақыл, қайрат, жүректің бірлігі болғанда ғана адам өзінің
адам атына сай болады, сол кезде ғана кемелденген тұлға дәрежесіне көтеріледі.