30.05.2022
  7335


Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасында көрініс тапқан ұлттық құндылықтарды талдап жаз

 


Әдебиетіміздегі алып тұлғалардың бірі, проза жанрындағы қаламы


қарымды қайраткер, аңыз адам Әбіш Кекілбаевтың туындыларының ішіндегі ең негізгілерінің бірі – «Аңыздың ақыры» романы. Атауы айтып тұрғандай


аталмыш роман аңыздың ізімен жазылып, ондағы оқиғаны дарынды жазушы философиялық-психологиялық астармен шебер өрбіте алған. Алғаш рет


«Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланған бұл туынды төрт бөлімнен тұрады. Романдағы негізгі кейіпкерлер саны – үшеу. Олар - Әмірші, Кіші ханым және шебер. Осы туындыда, яғни бір ғана «Аңыздың ақыры» шығармасынан біз төрт түрлі сипат байқай аламыз: тарихилық сипат, философиялық сипат, психологиялық сипат және символикалық сипат. Ал, ендеше, осы романда сипатталған ұлттық құндылықтар жөнінде сөз қозғап көрейік.


Шығарманы оқи отырып кездестіретін құндылықтардың бірі – тектілік.


Автор Кіші Ханымды Әміршіге адал қалпында қалдыруы. Романда нағыз жар сүйіп, бала сүйіп отыратын кемел шағына келген әйелдің жас жігіттің құшағына құлай салуға болатындай эпизодтар кездескенімен,автор осы оқиғаларды төндіріп-төндіріп келіп, алыстатып әкетеді. Себебі Ханым құлдың құшағына құласа ханда не қасиет, не қадір қалады? Автор осы туындысындағы осы оқиғалар арқылы қазақтың тазалығын, тектілік сипатын айнытпай бейнелейді.


Ұлттық құндылық ретінде санайтын тағы бір дүние – анаға деген құрмет.


Жазушы аталмыш шығармасында айбатынан ай жасырынған Әміршіге де ана өсиетін орындатып, ана ақылын тыңдатады. Әйел затының, әйел ананың шешендігі мен көсемдігі, көрегендігі төгіліп тұрғандығын мына сөздерден


анық байқаймыз:


 


Балам, сен арманыңа жеттің. Ал мен арманда кетіп барам. Жапан түздегі оқшау әулиенің ағашындай жалғыз қалпыңда тастап барам. Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді. Үстіңдегі ақ ордаңды


сауытыңнан мықты көрме – оған да көз өтеді. Жан-жағыңдағы әр қатыннан тараған торпағыңды айбар тұтпа – оған да сөз өтеді... Тұғырдан түскен соң, балалы қатыныңды сағалама – балаларына арқа сүйеп, қадіріңді білмес.


Баласыз әйелді сағала – баласыздығы бетіне шіркеу болып, өзіңді пана тұтып, өле-өлгенше сыйлап өтеді.


Ана данылығы. Ана көрегендігі. Ана өсиеті. Ана ақылы. Хан екеш ханға да, би екеш биге де тоқтау салатындай не деген дана өсиет? Міне, ұлттық құндылық! Міне, нағыз өсиет! Автор ана даналығы арқылы қазақ халқына


тән ұлттық құндылықты бұқпасыз, боямасыз бейнелей алды. Сол себепті де, Әбіш – жазушының жазушысы.


Қорытындылай келе, Әмина Құрманғалиқызы айтқандай «Әбішке тән үш қасиет бар: ол – терең білім, бай тіл, ерінбейтін еңбекшілдік». Ұлттық құндылықтарымызды бір туындысының өзінде тереңнен, молынан ашып бере алған Әбіш дана емей немене?


 





Пікір жазу