Шешендік туа біткен қасиет пе, әлде үйренуге болатын өнер ме?
«…Қырғыздар (қазақтар) өз көршілестерінен ұтымды сөздің ұрымтал тұсын тауып қолдана білетін тапқырлығымен және
керемет шешендігімен ерекшеленеді.»
И.В.Радлов
Шешендік – қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлі, өзіндік ою-өрнегі бар, кестелі тілі. Шешендікті қазақ өнер ретінде қарастырады. Шешендік өнердің қасиетін қадір тұтқан қазақ халқы аталмыш өнер түріне ертеден
ерекше мән берген. Шешендік сөз терең ой мен тапқыр қисынға және ұшқыр шешімге құралады. Қазақ халқында талай даудың басын бір ауыз сөзбен
қайырған дүлдүл тұлғалар, небір тапқыр шешендер болғанын білеміз. Қазақ сол үшін де белгілі бір істің, даудың, я келісімнің шешімін түйіндеу үшін
«тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» - деген тіркесті қолданады. Себебі, шешендік өнер мен билік қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен
дараланады. Біз тарих арқылы түрлі атақты шешендерді, аузы дуалы
азаматтарды танимыз. Осы орйда, «кез келген адам шешен бола алады ма, шешендік туа біткен қасиет пе, әлде үйренуге болатын өнер ме?» - деген
сауалдар туындайды. Осындай сұрақтарға жауап беріп көрейін.
Мен шешендік туа біткен қасиет болуы мүмкін екеніне келісіммен қараймын, бірақ туыла сала шешен болмаған адамдар үйрене алмайды
дегенге келіспеймін. Яғни, табиғатынан, тумысынан тілге, өлең сөзге жақын адамдар болады. Ол - өздерінің табиғи дарыны. Ал, туыла салысымен шешен болып кетпеген, бірақ уақыт өте келе өзін дамытып, бойын біліммен
азықтаған, өлең өнеріне, қара сөзге жақын болып, ақын-жазушылардың шығармаларын жиі оқыған адамдар бірте-бірте шешен адамдар қатарынан көрінеді деп ойлаймын. В.В.Радловтың қазақ халқының шешендігіне,
сөзшеңдігіне қайран қалып айтқан мынандай сөзі бар: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі
соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп көрсете отырып,
әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.
Ғалымның осы сөзінен кейін шешендік тек туа біткен қасиет болады, оны үйрене алмаймыз деген стереотипті жою қажет деп ойлаймын. Себебеі, қазақ халқы – бай халық. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, біздің әдеби, мәдени ескерткіштеріміз, әдеби мұраларымыз, батырлар жырлары, махаббат жырлары, мақал-мәтелдеріміздің өзі шешен болған халықтың шешен болар ұрпақтарына қалдырған асыл мұралары емей немене?
Қорытындылай келе, менің пікірімше, кімде туғаннан, табиғи дарынмен, ана сүтімен даритын шешендік қабілет болмаса, шешендікті бойына үлкен
ізденіспен, еңбекқорлық және шыдамдылықпен дарытуға болады. Себебі, қай ортада болмасын көп сөйлегеннің емес, шешен сөйлегеннің қадірі де,
дәрежесі де артық тұрары белгілі.