Поэмалар ✍️
Тағдыр
1. Менің сырым
Күзі еді Оңтүстіктің қоңыржайлы,
Бұ шақта өмір жайлы, көңіл жайлы.
Жаныңа білім шырақ болсын деп бір,
Күлімдеп туған жерім қолын жайды.
Мен шатпын. Неткен нұрлы аспанда Күн!
Көзімді көлегейлеп жасқанбадым.
Именбей аттадым кеп тіршіліктің
Басталар әліппеден баспалдағын,
Жаным да мөлдір еді Арысымдай,
Түлегем дәу далада сағы сынбай.
Жас жүрек тентек еді өзенімнің
Көктемгі аласұрған ағысындай.
Сол бір күз... Ұмытпаймын алтын күзді,
Анадай мейірбанды жарқын жүзді.
Қайтейін, сонша жайсаң болса-дағы,
Жаныма қалдырды бір салқын ізді.
Есімде еміс-еміс соғыс деген,
Мен дағы саз балшықтан оқ істегем.
Сыңсыған зарлы үнге ауылымда
Тойдағы тоқсан тарау тоғысты өлең!
Шаттықтың алтын кірпік таңы арайлы,
Әркімнің босағасын жағалайды.
Сұм қайғы түсіп жатыр кейбір үйге,
Ақ тілек, арманына қарамайды.
Осылай қайғы-шаттық алмасады
Жақсылық жамандыққа жармасады
Итеріп бірін-бірі шыңырауға,
Бір толқын бір толқынға жалғасады.
Сол күзде, қайран аулым, көркің кіріп,
Жеңістің тұрды лебі желпіндіріп.
Алтын күз алтын жапырақ шашу шашты
Жұртың да жүрді жарқын, еркін күліп.
Кеудеге қайғы-тұман тұншықтырған,
Жанарға мұң моншағы ыршып тұрған,
Үміттен жылтыраған сәуле түсіп,
Сейілген қасірет бұлты қырсық тұнған.
Солдаттар арқалаған қапшығымен
Сыбаға жеткізгендей жақсы күннен.
Сау ма ол, мүгедек пе, ойламастан,
Туған ел қуанады тап шынымен!
Тер иісі бұрқыраған ағайлардың
Төсіне басым сүйеп, талай бардым.
Танадай тізіп қойған медаліне
Жаутаңдап қайта-қайта қарай бардым.
Қол жетсе, пилоткесін киіп алып,
Маңыма «нөкерімді» жиып алып,
Мәз болып, ауыл үйді араладым,
Көргеннен байғазыға тиын алып.
Талайдың қуанышты көз жасына,
Талайдың боз інгендей боздасына
Жүрсем де ортақтасып, о, туыстар,
Білмеппін не барын да өз басымда.
Сол күзде... иә, иә, қоңыр күзде
Құшағын жайып тұрды өмір бізге.
Нағашым келді қолсыз қан майданнан,
Тағы да жұлдыз жанды көгімізде.
Өңі аппақ шүберектей нағашымның,
Қызғанып еркелігін баласының,
Отырдым оң тізеге мен де барып,
Сүйді де, күрсінді ол: «Қарашығым!»
«Әкемді көрдіңіз бе?» – Сыбыр еттім,
Шабысын көрсең сонда қу жүректің!
Жанымда жалғыз ұшқын жалт етті де,
Лаулады күшімен бір құдіреттің.
Нағашым ақ сұр түсі күреңденіп,
Заматта күлімдеген нұр өң беріп:
«Көрдім мен, көрдім, жаным, сәлем айтты!
Деді де, үнсіз қалды сұр өңденіп.
О, бейбақ, қалай қисын бала жанын,
Әкесін жауынгерге балағанын!
О, бейбақ, жүрегімен ұғыпты да
Жанымның үміт жолға қарағанын.
Со сәтте зер салмаппын анашыма,
Қайғысын мөлтілдеткен шарасына.
Білмеппін бейкүнә бұл сауалымның
Тигенін жанындағы жарасына.
Әкемді, жекпе-жекте жауын жеңген,
Мен жүрдім салыстырып жауынгермен.
Түсімде әлденеше құшақтасып,
Қолының, аяғының сауын көргем!
Со күзде балдағы бар мұғалімім:
(Кім білген оның сондай мұғамырын!)
«Әкең кім, Қашан тудың?»
Сондай-сондай
Қоздап бір кетпесі ме сұрағының.
Біріміз – елден асқан батыр дейміз,
Біріміз – үйде ауырып жатыр дейміз.
Біріміз – әлі ұрыста жүр дейміз де,
Біріміз – келуге енді жақын дейміз.
О, шіркін, бала жүрек күнәдан пәк,
Алқынып жүре берді-ау сұрағанда-ақ!
Менен де сұраса екен деп отыр ем,
Ағыттым әке жайын тұра сарнап.
– Әкем бе?.. Әкем менің алып, мықты,
Мың жауды қақ ортадан жарып шықты.
Төргі үйде суреті бар, нағыз батыр,
Көріне фашистерді барып тықты.
Білмеймін тіл жетті ме, жетпеді ме,
Әкеме пар келмеді көкте күн де.
«Өтірік!»– Шорт түйілдім, Жалт қарадым,
Нағашым баласы тұр шеткеріде:
– Әкесі әскерде емес!
Бұ не сұмдық!
– Әкесі бұрын өлген!–
Міне, сұмдық!
– Кім айтты?
– Көкем айтты.
– Былшылдапты!
– Апыр-ай, бұл қорлыққа кім шыдапты!
Дүние қарауытты, төңкерілді,
Ал ұста тұра ұмтылған тентегіңді!
Болмады... Іліп қалды темірдей қол...
Сол жерде бұл сар балаң жер тебінді.
Күз еді... жасымды алғаш төккенімде,
Лағынет айтып сонау көкте күнге.
«Бөрінің бөлтірігі» деген жамау
Жабысқан сол сүйікті мектебімде.
* * *
О, жылдар, жыл керуені жылжып өткен,
Көмкермес қолдан келсе кім жібекпен.
Қайғың мен қуанышың қатар қымбат,
Жатады орын алып бұл жүректен.
Мінекей, он сегіз күз, сонша көктем,
Жаныма із қалдырып, жол сап өткен.
«Әкем кім? Тағдыры не?» деген сауал,
Анашым, шын жауабын сенен табар!
2. АНА СЫРЫ
Анашым, асыл анам, байғұс анам,
Қашаннан үйір болды-ау қайғы саған!
Жыл ізі өрмекшідей тор құрыпты
Аяулы ақ жүзіңе айға ұсаған.
Жайдары жанарыңа бұлт кіретін
Жайларды орынсыз-ақ түрткілеппін.
Көңіліме қаяу салып, жаймадың сен
Шындықты мен білмейтін, жұрт білетін.
Есімде төрт қабырға... Ана, бала,
Қараймыз үрейленіп далаға да.
Әкейдің суреті түр күлімсіреп,
Демеу ғой анаға да, балаға да.
Қаперсіз құшағыңда шалқып жаттым,
Ұмытып бар дүниені, балқып жаттым.
Сен болсаң жасың сығып жастығыңа,
Тағдырдың тақсыретін тартып жаттың.
Жүрекке құйылды әнің ыңылдағаң
Естілген, естілмеген бұрын маған:
«Ұйқта, ұйқта, бөпешім,
Аман келсін көкешің.
Ақбоз аты тұлпары,
Ол – жігіттің сұңқары,
Күндей күліп келер ме
Жүрегімнің іңкәрі?
Ұйқта-ұйқта бөпешім,
Аман келсін көкешің.
Ай туады қиядан,
Ақ күмістен пиялаң.
Сағынғанда жылауға
Жұрт көзінен ұялам.
Ұйқта, ұйқта, бөпешім,
Аман келсін көкешің.
Жел де сыртта шулайды,
Сыбызғы ғып құрайды,
Еске түссең бір өзің,
Жүрек тайдай тулайды.
Ұйқта, ұйқта, бөпешім,
Аман келсін көкешің.
Жолға ұзақ қараймын,
Күн боп шықшы, арайлым.
Терезені қақса жел,
Бір өзіңе санаймын.
Ұйқта, ұйқта, бөпешім,
Аман келсін көкешің...»
Көз жұмып, ұйып жаттым, тыңдадым да,
Ұйқтадым білмей іңір, түн жарым ба?!
Таңертең тұрсам, қандай ашық аспан,
Күнменен бірге ойнайды нұр жанымда.
О, ана, десек те о күн жырақ қалды,
Келеді мұңды үні құлаққа әлі.
Жасынан жанын жеген бұл ұлыңның
Жабулы қалмақ па сол сұрақтары?
Күрсіндің сен.
Күрсіндім мен.
Қарадың ұлыңа,
Үңілдің сырына.
Сөйттің де, ағыттың сен сыр тиегін,
О, ана, осыңды мен шын сүйемін!
«Ол да бір түн еді...»–
Тағы да күрсіндің.
Естідім жүрегің дүрсілін:
«Ол да бір түн еді тас түнек,
Боран да – шулаған ши бөрі.
Шырайлы шаттыққа аш жүрек,
Ауылдың үрпиген үйлері.
О, сұмдық, табиғат білгендей
Өмірдің қаһарлы қабағын.
Ләм деуге күрмелді тіл келмей,
Мысықтай не мықты адамың.
Жұлындай жігітті қойғанда,
Кемпір мен шал да жау қаусаған.
Абайла, қит еттің, ойланба,
Күндегі көлеңкең жау саған!
Сыр бүкпей бір жатқан жаныңда
Жүрегі ұштасқан жарың да,
Жатырлас туысың, бауырың,
Әлпештеп өсірген ауылың
Жау бопты, жау бүгін!
Жамылған арамдық жаулығын.
Бұл не жау егінді жалмаған
Көкқасқа шегіртке сияқты?
Өмірде бір адал бар ма адам?
Жауыздық жаныштап кеткен бе ұятты?
Талайдың жүрегі қан жылап,
Талайдың үміті күл болып,
Тағдырға қол жайған қалжырап,
Тіршілік қалған ғой тұл болып.
Не бопты? «Пәленше жау екен,
Түріктің патшасы – тірегі».
Сүйеу жоқ, тек қана тәуекел,
Тым жалтақ бұ жұрттың жүрегі.
Сен онда сәби ең, құлыным,
Әкеңе қуаныш – кенже едің.
Сонда да үйіндей ұрының
Үйде бар салқындық – сезгенім.
Әкең де бәз қалпы, жайдары-ақ,
Байқаймын мұң жатыр көзінде.
Ертеңім нендей сый сайламақ?
Білмейміз әкең де, өзім де!
Бірақ та жанымды жылытар
Ойларым қуады күдікті.
Қалайша бұл аймақ ұмытар,
Әкеңнің арқасы – колхозға бірікті.
Бір күні, құлыным, естідік,
Әкеңнің жан досын ұстапты.
Әкең де келді ғой кешкілік,
Оны да бірауық қыстапты.
Маған да, оған да ас батпай,
Қу жүрек соғады суылдап.
Мен жаттым көз ілмей, қас қақпай,
Далада боран жүр шуылдап.
Сәл ғана мызғып-ақ кетіппін,
Жүр екем ну бақша ішінде.
Сартылдай соғылған есіктің
Дауысы – оқ болды түсімде!
Қарасам жұлып ап басымды,
Есік те шиық етіп ашылды.
Суық та лап қойды бөлмеге,
Ызғармен түйіп қап кеудеме!
Не сұмдық?
...Үш адам.
...Нағашың.
Япырм-ай, мұндайды кім көрген?!
– Іздеңдер! Не іздеп табасың!–
Әкең тұр киініп үлгерген.
Не сұмдық?
Түсіндім сұмдықты.
«Не жаздың? Не жаздым?»– Жыладым.
Дүние даусымнан тұншықты,
Селкілдеп басады құлағын.
Басыма көтердім сұм түнді,
Бәрі де, бәрі де ұмтылды.
Омырау пырымдай жыртылды,
Құладым, қанатым қырқылды.
О, сұмдық, даусыңды іңгәлаған
Мен сорлы естімегем,
Ал олар тыңдамаған!
Мінекей, жарығым, сол бір түн
Жұтып-ақ жіберді әкеңді.
Онымен басталған жол шіркін,
Өзімді бұ жасқа әкелді!
Не дейін. Не дейін жауапты
Бәрі де, бәрі де күңгірт-ақ, білмеймін.
Әкеңе таңылды «жау» аты,
Жата ғап жыла я күл мейлің!
Ол маған жау емес! Жау емес!
Мейлі атсын мені де маңдайдан!
Бұ дүние өзі де сау емес,
Десе егер оны жау қандай жан!
Құлыным, жесірлік жарасын
Кім салды? Тағдыр ма? Адам ба?
Білмеймін. Әйтеуір, нағашың
Сол түннен тас жұмбақ маған да!
Етекті көз жасқа толтырып,
Не мұрат табамын қарғасам?
Жұмбақты шешетін жол тұйық,
Қай жанға не деп мен жармасам?
Нағашың – бауырым емшектес,
Сұрауға қысылам бұл сырды.
Қайғыны маған мол енші етпес
Деген ой күмәнді қусырды.
Келді ме үй нұсқап жай ғана,
Екен деп бұларды жай қонақ.
Әйтеуір ой біткен тайғанақ,
Белгісіз қашан бір түйінді байламақ.
Қойшы, оны, о күндер ұзады,
Қажеті не бәлені қуалап,
Үзілді қасірет тұзағы,
Шындықтың жарқырап туары хақ!
Обал не, нағашың арқасы,–
Қатардан кем болмай сен өстің.
Әкеңнің құр қалмай қалтасы,
Шүкірлік, ел-жұртқа теңестің!..
* * *
О, ана, алтын анам жарқылдаған,
Самалдай жаның таза-ау аңқылдаған.
Сен, сірә, пенде болып бір адамға –
Қимайсың жаманшылық жылағанға.
Ананы жылататын тас жүректі,
О дүние, адам емес, қасқыр етші!
Жүрсін ол қу далада бұқпантайлап,
Күннен де жүрегі ұшып шыққан жайнап!
* * *
О, жылдар, жыл керуені жылжып өткен,
Сүйемін қоңырауыңды шын жүректен.
Өмірді ұрлап алып, тағы қайта
Бересің жас дауыспен сыңғыр еткен.
О, жылдар, жазың да арман, күзің де арман,
Жаныма жарқыраған ізің қалған.
Сүйемін, жаз демеймін, күз демеймін,
Шаттықты қысыңнан да сүзіп алғам.
Қыс еді, бұрқасынды алақаншық,
Жатқан-ды нұр шуаққа дала қаңсып.
Жерді бір ту-талақай жеп қоярдай,
Кәрі қыс алабұртып қадаған сұқ.
Арысым бұл бетбақты алас қыла,
Бүркеніп жатып қапты қар астына.
Сонда да бүлк-бүлк соққан жүрегімдей,
Ағынан тұрмын тыңдап жар астында.
Тіріде бітпейді екен тіршіліктер,
Арысым Алатаудан күншілік жер.
Япыр-ай, көп жыл бопты-ау соқпағалы,
Туған жер, жөн арқамнан бір шыбық бер!
Жарайды, тіке тарттым нағашыма,
Сен үшін сол-ақ мені сабасын да!
Туған жер, сенің ғарып шырақшыңдай,
Отыр ғой мөлдір өзен жағасында.
Анау бір мал жайлаған тымақты адам,
Барады жылы ұшырап, ұнап маған,
Әнекей, мойын бұрды, о, таныды!
Ұмтылды қар омбылап, құлап маған...
Жас алма, жас алмашы, о, нағашым,
Ағытпа жаспен шаттық томағасын.
Кемсеңдеп сақалымен сүйіп жатыр,
Шұбыртып көз жасымен «тоба, алласын»!
Шөгіпті аласарып нар тұлғасы,
Қимылы – қаусаған шал қалтылдасы!
Нағашы-ау, мен сүйетін отың қайда
Кәнекей, жасыңды сүрт, жарқылдашы!
«Шырағым, жігіт бопсың тойғандай-ақ,
Әкеңді сойып, қаптап қойғандай-ақ!»
Бұ сөзі жүрегімді солқ еткізді-ау,
Нағашы айтып қалды ойланбай-ақ!
Қалайша қу жүрегім тұра алады,
Мен келгем әке жайын сұрағалы!
3. НАҒАШЫ СЫРЫ
Шырағым, заман да түзелді,
Көңіл де, өмір де шалқыды.
Қонақ боп қалдық қой біз енді
Тірлікке санаулы әр күні,
Шашымда кәрілік қырауы,
Қай қалпақ, қай тұмақ жасырсын?!
Өмірде әр іздің сұрауы
Бар екен, қалай ол басылсын!
Ертеде шал айтса нәсиәт,
Қойшы сол мылжыңды, жалған деп,
Сенбеуші ек, онда бір қасиет
Күші де аузында қалған деп!
Сөз парқын түсінер баласың,
Айтайын, сырым бар көптеген –
Заманның жазылған жарасы,
Бірақ та тыртығы кетпеген.
Сендер не, туғаннан көргенің
Күн нұры ойнаған кең бөлме.
Жас емес, әтірмен жөргегің
Жуылған дүниеге келгенде.
Көзіңді тырналап ашқаннан
Күлімдеп күн тұрды, гүл тұрды.
Бесіктен әлдилеп жақсы арман,
Жас жаның арайға ұмтылды.
Біз сорлы жел тескен қара үйде
Күндестер отына түстік те,
Табы оның жұққасын, әрине,
Жан болдық жарымжан, іш бүкпе!
Атлас көйлекті қыздардай
Жалтылдап осы Арыс жатты ма?
Білмеймін, жоқ әлде зіл бардай,
Қамығып сап-салқын ақты ма?
Әйтеуір, мекен ғой ежелгі,
Өзі ана, суы бал, сүт болған
Шап-шағын осынау өзенді
Білемін баршаға құт болған!
Сендердің ауылың біздермен
Арыстың жағасын жайлаған.
Күйеу боп қыз алған, қыз берген,
Өрісте бірге мал айдаған.
Әкеңмен асықтас дос едім,
Қиятын не шымыр сақаны.
Бір жасап жігіттік есебін,
Тоздырдық не мықты тақаны.
Есейдің,
Ауылда біз қалдық,
Өзіңдей қуды әкең өнерді,
Кей-кейде қуандық,
кей-кейде қызғандық.
Жыл өтті, Балалық көнерді.
Жыл өтті.
Бір күні, не дейсің,
Қаладан әкім боп қайтты әкең.
Колхоздас, көтерем кедейсің,
Жарайсың!– деп ақыл айтты әкең.
Қуандық,
Қызғандық.
Бірақ та
тасы өрге домалап жүрді оның.
Ауылын апармақ шыраққа,
Мұндайда бөгелмек кім жолын?
Бір күні не дейсің, Нұрымбет,
Айттырған күйеуден ұрын кеп,
Ежелгі арманым, гүлім деп,
Әкетіп қалыпты еркеңді,
Дегенде өзегім өртенді.
Япыр-ау, қалайша білмегем
Сүйікті қарындас ниетін!
Масқара қылық қой бұл деген,
Құдадан, елден бет күйетін!
Қалың мал біз алып қойғанда,
Әруақты сыйламай, басынды.
Жанымыз беймезгіл ойранға,
Шын айтсам, дықтанып ашынды.
Не керек, жаз өтті, күз өтті,
Жауқазын гүл болды қар асты.
Әкең де қисығын түзетті,
Жекжатқа өкпе-наз жарасты!
Шал деме көрмәдік, шырағым,
Таттық қой ащы мен тұщыны.
Тіршілік – адуын бір ағын,
Сілкитін сәт түссе күштіні.
Тағдырым өзіме кеп күлді,
Шайқады шайладай үйімді.
Алдына түйедей шөктірді,
Еркім де еріксіз иілді.
Мезгілдің екпіні қаңбақтай,
Оңым мен солымды аңдатпай,
Айдады зуылдап, ысқырып,
Мен дағы көрмедім күш қылып.
Сәбисің бүзғанда топалаң
Айрандай ұйыған заманды.
Оймақтай із қалмай опадан,
«Жау» деген жаны бар адамды.
Шырағым, заман да түзелді,
О күндер қарасы өшті ғой.
Көтердік жығылған күземді,
Күйедей бұлттар да көшті ғой.
Біз болсақ қансырап ел үшін,
Бір қолды қалдырдық жапанда.
Қорғадық өмірдің жемісін,
Армандап көрмеген атаң да.
Арыстай әкең де бұл күнге
Жетпеді, қайтейік, тағдыр ғой.
Зым-зия жоқ болам бір түнде
Деп пе еді, қайтейік, тағдыр ғой!
Шырағым, топалаң шақта әлгі,
Талай ер жазықсыз күйді ғой.
Ақ мәңгі, ақ екен,
талайы ақталды,
Өлгесін еркіндік тиді ғой!
Шырағым, сыр еді ашпаған,
Өзің біл, не істесең, қолыңда.
Мен едім әкеңді тастаған
Өштікпен ажалдың торына!...
* * *
О, сұмдық-ай, қақ төбемнен жай түсті,
Жауым отыр қарсы алдымда қай түсті?!
Кеңірдегін жұлсам ба екен?... Қайтемін...
Тағдыр талап тұралатқан байғұсты!
4. ӘКЕММЕН СЫРЛАСУ
Әкетай, далада түн қоңыржайлы,
Бұ жақта көңіл жайлы, өмір жайлы.
Жалғызбын. Арман лебі желпи соғып,
Тағдырға тағы жаным қолын жайды.
Отырмын көзімді алмай суретіңнен,
Сағындым, тірілші де, сүй бетімнен!
Жүрегі жарылар деп қорықпай-ақ қой,
Талай бір тау арманым күйретілген!
Әкешім, жымидың ба, хал қалай деп,
Бүгінде көңіл алтын олқадай тек!
Өзіңдей өзектері талғандарға
Шаттықтан сәлемдеме арқалай кет!
Жандары жапа шеккен күлімдесін,
Кірпігі қуаныштан ілінбесін.
Ұрпағы күл-қоқыстан жуып алды,
Анадан қайта туған күлімдесін!
Япыр-ай, бақытты еді адам қандай,
Өмірден өтсе таза арамданбай.
Туғанда пәк дауысымен шырылдаған,
Бұл пенде адалдыққа жаралғандай!
Соловка, Карлаг, Алжир, Колыманың
Қалмады атын естіп зәр-иманым!
Қай жерде, қай топырақ бұйырғанын,
Мен түгіл, алла білмес, жан-иманым!
– Көреді бір-бірінен пенделерім,
Бәрін де жасайтұғын мен дегенің!–
Деп құдай күледі екен миығынан,
Кезінде мен де, әке, сенген едім!
Тағдырдың тәлкек еткен ойынына
Елігіп, айналған соң сойылына,
Күнәсін көтергесін құдіреті,
Пендесі алмайды екен мойынына!
Қолымен жасағанды басқаға артып,
Ібіліс тірлік құрып, шашты ағартып.
Жүргендер нағашымдай бар туыстар
Заманның заңды ұлы боп ақша қарпып!
Қолына шоқтарды тек әкеліп бер,–
Шешені шешіндіріп, әкені үптер.
Жауыздар жалқы туып, жалғыз өлмес,
Тірі жүр Қарасартов, Сәкеновтер!
Бейуақ, кешір, әке, мазаласам!
Мен күнде аруағыңа қазан асам!
Авгийдің қорасындай жан сарайды
Адалдық күрегімен тазаласам!
5. ДҰҒА
О, дүния, өзің байтақ, өзің биік!
Қалайша кетем сені көзім қиып?!
Жорға жыл сызып өтіп жер ортасын,
Қараймын қимастықпен сезім ұйып.
«Ел жаңа елу жылда!»– мен куәмін,
Жүректе шымырлайды еңку әнім!
Көз көрді бүгінгі ұрпақ тірлігінен,–
Атадан баланың көп кем туарын!
Жусам да көз жасымен жөргегімді,
Өстім мен ез етпестен ер көңілді!
Жанымда мың дауысты арман жыры,
Жіберген күмбірлетіп жер-көгіңді!
Бір кезде асау едім бес білмеген.
Түндерді беріктірген қасқыр мен ем!
Бас шайқап, маңайыма таңдай қағам
Пақырдай тамағынан ас жүрмеген!
Қайтесің күңіреніп, байқұс Бекен,
Фәняде пенде бар ма қайғы ішпеген?!
Адамға шыбын жанды өкпелеме,
Тағдыр да талайыңды тайқы істеген!
Тағдырға қанша күйе жаққанменен,
Басыма көнбей жүрген бақтан көрем.
Құл қылған құлақ кесті қалың елді
Бал тілді бақсылардан сақтан дер ем!
Айдап сап ағайымды мал-жан үшін,
Араға қанды қолын салғаны шын.
Мешітті мал қораға айналдырып,
Қыран деп мадақтады қарғаны шын
Өртендік өрекпіген надандықта,
Біздерден бетін бұрды адамдық та,
Болайын соңғы құрбан бұ тағдырға,
Дұға етем адалдыққа, амандыққа!
***
Бекен атам, Бекен атам
Желіп жүрген Бекен атам,
Емес маған өте қатаң!
Мінгізеді мойынына,
Қатал атам ойыны да,
Бөжей болып қорқытқанмен
Кіріп кетем қойынына.