30.05.2022
  135


Автор: Бекен Әбдіразақов

Көкжал

І
Білмеймін қай заманда, қай ғасырда,
Тұрыпты Қаратаудың ай басында.
Адамдар аңқау, жасық күн кешіпті,
Қасқырдың шек болмапты айласында.
Ұйлыққан Қаратаудың қойнауында
Тыныштық бұйырмапты қойлы ауылға.
Бір көкжал үркер туа шауып күнде
Қан қыпты құлын-тайды байлауында.
Үркер де, ай да таудың басындағы
Көкжалдың серігіндей қасындағы.
Үшеуі бірге келіп, бір кетеді,
Тағдырдың осы емес пе басынғаны?!
Ешқандай дауа болмай қан ішерге,
Қалмапты қайрат қылар намыс ерде,
Бір түнде көшпек болып келіседі,
Білдірмей маңайдағы таныс елге.
Осылай шарт түйініп аттанарда,
Жаман дерт бір сәбиге тап болар ма?
Шеткері қараша үйдің шаңырағын
Аңдыған қырсық мұнша сақ болар ма!
«Алланың амал бар ма әміріне»,
Деп жауып бар пәлені «тәңіріне»,
Бар ауыл көтеріліп кете барды
Көкжалдың сәті соғар таң іліне.
Қараша үй қала берді қараң қалып,
Көз жасы бала-ананың тарамдалып.
Көшпенен бірге кетті күйеуі де
«Өле алмай жүрмін бе – деп, - саған қалып!»
Көш кетті.
Дыбыс өшті маңайдағы.
Түсті енді таразыға талай бағы!
Ай келіп шаңыраққа жылжып қана
Түсірді ақ сәулесін шар айналы.
Үйінің бар тесігін қымтады да,
(Ажалмен айқасуды ұмытады ма?)
Орады қыл шылбырды оң қолының
Басынан жеткізе кеп шынтағына!
Қойды әкеп сол жамбасқа пышағын да,
Сәбиі оң бүйірде құшағында!
Ұлының оттай жанған өндір бойын
Білмейді сипарын да, құшарын да!
Әйтеуір аймалайды ерінімен:
«Жалғанда жарығым боп көрініп ең.
Мен сені қорғап өлем көкжал түгіл,
Құдайдың тура келген өлімінен».
Ыстығы басылды да баласының
Ұры ұйқы айналдырды қарашығын.
Көңілі көгілдір бір нұрға оранып
Тапқандай тылсым түнмен жарасымын.
ІІ
Келеді көкжал жортып төтеменен
Міндеті бардай-ақ бір өтемеген.
Алдында жатыр сайрап жалғыз соқпақ
Жас қанға, қан жорыққа жетелеген.
Жотаға шыға келді арсалаңда,
«Ал, қазір үркіте бір жар салам да...»
Қараса, күндегідей дүрбелең жоқ,
Мелшиген жалғыз қара – қарсы алаңда.
Үркер тұр үрке қарап күндегідей,
Ай бүгін жылжыпты сәл ілгерілей.
Көкжалдың көңлі ептеп суық тартты,
Іші де ойран-асыр індегідей.
Жақындап келді көкжал қараша үйге,
Тұмсығын тықты ақырын ала шиден.
Адамның исі бір аңқиды ма, –
Ананың жұпар исі бала сүйген!
Қалтырап кетті көкжал тұла бойы
Елітіп шартарапқа құлады ойы.
Ақырын қаза берді үй іргесін,
Дегендей «бұйыр десін, бұйыр десін»...
Қанталай қос жанары, тіл салақтап,
Азуын қарыс ашып, ыржалақта.
Төсіне шығып жаймен жас сәбидің
Қарысқан жағын
жаппай тұр жалақтап.
Осы сәт ыңырсыды бала ақырын,
Алғандай болған еді-ау жаңа тыным.
Анасы көзін ашса... кеудесінде
Көкжал тұр дегендей «сен алатыным!»
Оң қолды салды ауызға үңгіп ішті,
Құлады көкжал қатай дым дыбысты.
Жүрегін жұлып алып тастады да,
Кесемен ыстық қанын қылғып ішті.
Бұрқ етіп тер маңдайдан жүре берді,
Шөл қанып, түсті орнына жүрегі енді.
Баурына қысқан сәтте сәбиі де
Тершіп сәл, ұйқысырап күле берді.
ІІІ
Білмеймін қай заманда, қай ғасырда,
Болыпты бұл ерліктің ай басында.
Аналар содан бері жауыздардан
Асырып келеді екен айласын да.





Пікір жазу