30.05.2022
  235


Автор: Бекен Әбдіразақов

Мағжан немесе махаббат туралы жыр

1
Күн туды қазаққа да бақ жанатын,
Өлеңмен қайта өрілді Мағжан ақын.
Басымнан батпандай мұң сейілді де,
Сөз туды қара қылды қақ жаратын!
Ақыным дүниеге бір келетін,
Атауға тілім сорлап күрмелетін,
Көзімнің жасын сүртіп күлімдеді,
Түндерде маған талай үн беретін!
Апыр-ау, ел мұңымен еңіреген
Ақынға жазбайсың деп темір өлең,
Тоғышар тоқпағымен күн бермесе,
Назданып, нұрланар ма өмірі өлең?!
Мен бақсыз жатқа білмей бір жырын да,
Өлең деп бақастардың мылжыңын да,
Өтер ме ем мөлдір ақын жүрегінің,
Өксігін естіместен бұл ғұмырда!
Байғыз да, бақсы да емес, Құдай да емес,
Бірақ та сол құдіреттен былай да емес.
Ақынның аңыраған махаббатын
Паш етіп, періштедей жылайды елес!
Елес пе, бұлдыраған белес пе әлде,
Жанымда уілдеген жел еспе ән бе,–
Әйтеуір, көңілімде ұйтқиды күй,
Ақынмен оңаша қап кеңескенде!
Қай жерде, қай мезгілде, күн бе, түн бе,
Келгендей сәт еді ғой гүл де тілге!
Алғандай парыз еді міндетіме
Жүректі тілсіз жатқан үндетуге!
Күн туды, жыр да туды сәтіменен
Ардақтар махаббаттың атыменен,
Жанымның тереңінде жүрген сырды
Ашайын құндақтаулы затыменен.
2
Отырдық дастарқанда дабырласып,
Қайдағы белгісі жоқ «қабірді ашып.
Бір кезде Сырбай ақын атып тұрды,
Сырбазым, сезім тасып, сабыр қашып:
– Ал, Бекен, мынау тұрған шампанынды,
Сыйлайтын әулиедей жан табылды.
Мен сені ертіп барам жыр-тәңірге!
– Жеңгей мен жарым қатты аңтарылды.
Сөз бар ма Сырбай ақын тілегіне,
Бір қарап буырқанған реңіне,
Жәмпендеп жүре бердік соңына еріп,
Көрмеген, естімеген сыр еліне!
Мекенім Ботаника бағында еді,
Көрменің күншығыстау жағында еді.
Жиырма жыл бұдан бұрын, шынымды айтсам
Жүрек те, жыр да жап-жас, ағынды еді!
Бәтір-ау, тәңір түгіл, сол маңайда
Өзімнен артық жырға жорға қайда?
Сезінбей бұл сырымды Сырбай ақын,
Күңіреніп келе жатыр ол қолайда:
«Тауда түнде үн берген
Тәңір ме әлде байғыз ба?
Үн іздеп жаным күңіренген,
Тауда түнде үн берген
Тәңір болсаң, кел бермен,
Қолымды желге жайғызба!
Тауда түнде үн берген
Тәңір ме әлде байғыз ба?»–
Толқыған көңілінің қошыменен
Тосын сыр, тосын ырғақ, тосын өлең.
Пау, шіркін, сыр жасырмас Сырбайымның
Жұмбағы көп екен-ау осы менен!
Көрменің алдындағы боз үйлерден
Көрікті түк те таппай көз үйренген,
Сыр ағам салып ұрып сонда әкелді,
Соқпақ-ау талай жүріп өзі үйренген!
З
Сымбатты кейуана есік ашты,
Көргенде бізді абдырап есі қашты.
«Сырбайжан, сен де келер күн бар екен?!.»
Құйылды удай сезім төсіме ащы!
Ақыным, жас ұялап жанарына:
– Бекен-ау, болсын, қалқам, хабарыңда,
Мағжанның үйіндегі әжең осың, –
дегенде тас кептелді тамағыма!
Қу жүрек кеудемдегі атша тулап,
Көз алдым – дала сыңсып, бақша дулап,
Дүние дүрлікті де, құлақ бітті,
Өлең-жыр жетім қалған лақша шулап!
Тәңір-ау, опасыз ба бүткіл жалған,
Бұл үйде өлең жатыр тұтқындалған!
Көзі жоқ, сөзі тірі әруақтай
Тағы да, байғұс пірім, шықтың ба алдан?!
Жайғастық. Жаутаң-жаутаң қарай берем,
Өлмейді періштедей қалай да өлең!
Мағжанды ғашық дертке шалдықтырған
Періден нұрлы, назды тарай ма өлең?!
Әжеміз төрге барды ақырындап,
Жүргендей өмір жолын шақырымдап.
Жігітке көзі мұнды суреттегі
Жымиды ойнағандай жасырынбақ.
«Мағжаным, – деді жайлап,– жігітім-ау!
Кемпірді танисың ба, сібіті мынау.
Әрине, танымайсың, – Бас шайқады.–
Жанымда өшпей жанған үмітім-ау!
Қартайды Зүлейхаң да...» – Күрсінді әжем,
Жылатқан ақын жарын құрсын әлем!
Жан-жүйем тарқатылып, солқылдады,
Жарым да басын маған бұрсын әрең!
Ақынды әлгінде біз аттандырып
Келгендей, қалмады еш шаттан қылық!
Төрдегі төре жігіт мұңға шомған
Тұрғандай сұм дүниеден сақтандырып!
Әжеміз қайта келіп орынына,
Біздерді бір пәледен қорыды ма,–
Аударды әңгімені басқа жаққа,
Жүрегі сай екен-ау порымына:
«Жаспыз ғой, Жастық шіркін қымбат
қандай!
Жер-көктен тек махаббат үн қатқандай!
Күндер-ай аймаласқан, қайда қашқан?
Таң атса-ақ қас қағымда күн батқандай.
Жыл өтті. Көтермедім құрсақ бірақ,
Мағжаным сәби десе сусап тұрат.
Аяздай батқан жанға мұңымды мен
Айтып ем тұла-бойым бусап, жылап».
«Айнам-ау, махаббаттың шын бағасын
Шұбырған шөжелермен құндағасын,
Ақын боп неге тудым жүрегімді
Махаббат тәтті уымен улағасын?!
Сенімен бірге өткізген күнім маған
Бір-бір жыр, бір-бір сәби жымыңдаған.
Махаббат перзенттері – сол жырларым
Беретін мәңгі өлмейтін ғұмыр маған!»–
Мағжаным құшақтады күлім қағып,
Тесіліп қарай түстім сырын бағып.
Жанары жаутаңдайды жалбарына,
Дегендей сәби болмас жырым неғып?!»–
Әжейдің нұр толғандай ажарына,
Қайтадан жастық дәурен базарына
Бір барып, бақытымен оралғандай,
Жүгініп, бәрін салып таза арына!
4
Ар таза, ақиқат та таза бүгін,
Есітіп ерлерімнің азалы үнін,
Өткенге өкінішпен көз жібердім,
Өлгені тірілгенде қазағымның!
Қолымда бүгін күллі асылдарым,
Өлеңнің жендеттерін, масылдарын
Айғайлап қарғаймын да, мадақтаймын
Ақынның өзін, тірі ғашық жарын.





Пікір жазу