Құтыларсың қайғыдан, Қалдыбегім...
Құтыларсың қайғыдан, Қалдыбегім,
Қайрат құйсын жаныңа қанды кегің!
Жиырма бесте жүрегің жараланып,
Жұлдызы өшіп, түтіндеп жанды көгің!
Тұншығасың, талай-ақ қақпаласың,
Шыр айналып шардай-ақ қақа басың.
Жолың алыс, соқпақты білесің сен,
Кешесің көп тағдырдың сақарасын!
Жетіскелі тұрған жоқ бұл ағаң да,
Кім қол ұшын береді жылағанда!
Бырт-пырт шығар көзімнен қанды жасым,
Шідерімен жанымды бұрағанда!
Сен сенесің семсердей жастығыңа,
Сен көнесің көңілдің аштығына,
Жаман ағаң қалайша қарым жасар
Екі аяқты зұлымдар қастығына?!
Сенің кегің қайтады есесімен,
Дәм татасың қуаныш кесесінен.
Әділеттің аспаны ашылғасын,
Алшаңдайсың тағдырдың көшесімен!..
Сыбағасы өмірдің менде бөлек,
Бере алмайды жан деген ел де көмек,
Жасым ағып жатады меңгі-бақи
Тербетсе де бесіктей жерге бөлеп...