Жатар орын – тас қоршауда қуықтай...
Жатар орын – тас қоршауда қуықтай,
Жұтатын ас – сылдыр сорпа, суық шай.
Өткен күндер шуағымен жылынып,
Жатырмыз біз жаман ойды жуытпай.
Бұл қармаққа ілінген соң – біткенің,
Көңіліңнен көрік таппас күткенің.
Шындық қайда, сұмдық қайда – белгісіз,
Өз жаныңды ұрыдай сен үптедің!
Ақиқаттың ауылынан алыстап,
Тосырайған бар тіршілік қалыс қап,
Жақындайсың жығылатын орыңа
Жылжи-жылжи жан дәрменмен қарыстап!
Айдаңардай бір-ақ қылғып қойғанда,
Ада болып адамшылық ойдан да,
Сүйегіңді лақтырып тастайды,
Тағдыр-жауыз қарны әбден тойғанда!
Онан кейін күлдей ұшып кет мейлі,
Зарың сенің еш жүрекке жетпейді,
Тапталған ар үстіне жас төгіліп,
Шыбық емес, сұп-сұр найза көктейді.
Қашан көрдің бүршік жарған сүңгіні,
Кек найзасы – аяз бұған түн гүлі,
Шық орнына қан мөлдіреп жүзінде
Еріп тұрар таң атқанда бір күні.
Ендігісін айттың, не сен айтпадың,
Түсіне бер ұлы кектің қайтқанын.
Ал әзірге жатар орын қуықтай,
Ішетінің – сылдыр сорпа, суық шай.
Жата бер, дос, жаман ойды жуытпай,
Бұл әлемнен жүрегіңді суытпай.