30.05.2022
  147


Автор: Бекен Әбдіразақов

Құлын даусы шырқырап қыздарымның

Құлын даусы шырқырап қыздарымның
Талқан қылды көк тоңын мұздарымның.
Тұла бойым тітірлеп опырылды
Беті қайтып түкті аяз ызғарымның.
Егілдім-ау елжіреп еріктен тыс,
Сағыныш пен көз жасым еріткен күш!
Түс пе, өң бе ғайыптан жарқ еткенде
Үлгермедім жүздерін көріп тегіс!
Кете бардым кемсеңдеп жасым кеміп,
Осы екен ғой болмаған басында ерік!
Алматының жаңбыры бірге жылап,
Дұшпан тұрды ғайбатпен қасын керіп!
Шеше байғұс ұмтылды «шырағымдап»,
Жүре берді жанымда мұң ағындап,
Жүрек тарс жарылып табан асты
Неге өліп кетпедім құшағында-ақ!
Жер жастана жеті айда жабырқаған,
Жанымда енді сезім бар таңырқаған,
Жүрегіме басылған суреттерін
Елестетіп көңілімде сабыр табам!
Жел қуғандай іштегі түтінді де,
Кеше – жарты, ал бүгін – бүтін дүние,
Тыныс кеңіп, тіршілік түрленгендей
Жаным аңсап тілемес күтуді де!
Қайта келдім үйренген тұрағыма,
Жандағы шу үміттің ұлары ма?
Түңгі самал ұрлейді әлсін-әлсін
Сығырайған әлсіздеу шырағыма..





Пікір жазу