30.05.2022
186
Тау ұлы
(Сейдахмет Бердіқұловқа)
Арқа сүйер тауымдай,
Пана тұттым мен сені, –
Көңілің жылы жауындай,
Жадыратты еңсені.
Қаңқу сөзге жағалай,
Сенбей үміт үзбедің, –
Шын жанашыр ағадай,
Жырларымды іздедің.
Мен көрінсем биіктен,
Өсті-өркендеп мерейің, –
Төмен жүрсем күйіктен,
Кеберсіді көмейің.
Күләтайдай жеңгемді,
Аялайсың гүліндей.
Мен жаныңа сенгем-ді,
Адалдықтың піріндей.
Шарапатты-ау Құдайым,
Берген сендей тау ұлын, –
Аман болшы ұдайым,
Елің үшін бауырым.