Жамбыл
Жамбыл бір теңіздей шалқыған айдыны,
Жамбылсыз домбыра күйсіз де қайғылы.
Жамбыл бір теңіздің толқыны тулаған,
Ұлы жыр онсыз бір толқындай тумаған.
Жамбыл бір теңіздей інжу-сөз төгілген,
Жырлары Отанның үніндей көрінген.
Бұл теңіз қойнында аралдар жайлаған,
Қиялдар толқынын қанат қып байлаған.
Бұ теңіз үстінде жүзеді әр қайық,
Жырынан сусындар қуат ап халайық,
Жамбылдың жырлары теңіздей сырлы ғой,
Суы да күн күліп ойнаған нұрлы ғой.
О, Жамбыл! Жыршылар атасы, алыбы,
Тілің бал, нәр алды елімнің бар ұлы.
Тойыңа жиналдық, тебіреніп келеміз,
Теңіз-жыр шертіне тірелді кемеміз.
Гүлден сыр, елден жыр әкелген жайсаңдар,
Күміс үн бұлбұл да, не жорға жайсаң бар.
Ата деп тағзым қып келді де басыңа,
Бас иіп қабіріңе, гүл екті тасы да.
Сол шақта өр даусың естілді саңқылдап,
«Өлгем жоқ, жүрмін ғой ортанда жарқылдап.
Тірімін, сендермен біргемін, ұлдарым,
Өмірім жалғасы, – теңіздей жырларым!»
Ия, бұл – өз даусың! Өлмейді Жамбылдар,
Ұрпақпен жасайды, сан ғасыр, сан жылдар!