30.05.2022
  119


Автор: Бекен Әбдіразақов

Анама

Мен сәби,
сен де жап-жас жесір едің
(Аяғыңа оралғы кесір едім).
Жүректің түкпірінде жылтыраған,
Анажан, үміт шоғын өшірмедің.
Жаныңа жалау көрдің, әлдиледің,
Аузыңа алмай жүрген әнді үйрендің.
Жас едің ғой өмірге жаңа енген,
Тұрмысы тартпады ма сәнді үйлердің?!
Жетім қып босағада қалдырмадың,
Көңілімді қайғы-шерге шалдырмадың.
«Көке», - деп жат біреуге жалтақтамай,
Баурыңда аунап өсті балдырғаның.
Байқалмай жылдар қалай жылыстады,
Өмір де жаңа леппен тыныстады.
Армандап көрші әйелге көп айтушы ең,
Оң-солын ұлың ептеп дұрыстады.
Анажан, асырайын құм арқалап,
Сол үшін кімдер бізді сынар қарап.
Борышты өтей алсам алдында мен,
Меккеге барар едім мың арқалап!





Пікір жазу