30.05.2022
  116


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өртенердей, өлердей сағындырдың...

Өртенердей, өлердей сағындырдың,
Қара көзім, мұнша ұзақ нағып жүрдің?!
Жаутаңдатып жолыңа қойдың мені,
Жүрегімді құлындай бағындырдың!
Жүрек аулап орныңа келгіштедім,
Қайдағыға мен байғұс сенгіш те едім!
Дімкәстеніп қалыпты деген сәтте
Бармағымды байқаусыз мен тістедім!
Шығар күнің шығандай берді ақырын,
Ой түбіне бойламай семді ақылым.
Шуақ таппай жүргенде жарқ еттің-ау,
Шабытымен шабады енді ақының!





Пікір жазу