Түсіндім бұ дүниенің жалғандығын...
Түсіндім бұ дүниенің жалғандығын,
Өкінішпен өтеді-ау қалған күнім.
Биік мұрат болғасын аяқ асты,
Сумақайлар таптады арман гүлін.
Самаладай сәулелі жан сарайым,
Менсінбейтін тәкаппар хан сарайын.
«Ақымақтың ақылы – аз, арманы – көп»
Деген рас, босқа көшкен қаншама айым?
Шашақты ту астында желбіреген
Жас жүрегім қиялшы елжіреген!..
«Бақыт құсы күні ертең қонады» деп,
Жанарымда шаттығым мөлдіреген!
Ашып тұрып алпыстың есігін мен
Маскүнем сияқты боп есі кірген.
Бостандық деп жүргенім – бұғау екен,
Дуалаған басымды бесігімнен.
Енді далмын. Далада қалғандаймын,
Бір үзім нан – күндегі арман-қайғым.
Теңізге тірлігі жоқ бет-бағдарсыз
Қайығымды тағы да салғандаймын...
Күтпейді екен жаңа заң, жаңа заман,
Жарылқар деп мен сорлы келгендеймін.
Өз-өзімнен шығарып жаназамды,
Құр босқа қиял құшып ергендеймін...