Салқын суға зәрулі жаз ғой ыстық...
Салқын суға зәрулі жаз ғой ыстық,
Тар моншада-ақ су шашып мәз болыстық.
Көл-өзеннің жатыр-ау айдынында
Арулар мен аққулы наз қоныс қып!
Жан жай тауып, жадырап, жеңлденіп,
Ентелеген сұрықсыз жерің кеңіп,
Мұздай судан сіміріп, шып-шып терлеп,
Құйылғандай бойыңа сенім келіп!
Монша бітті. Келеміз дәлізбенен,
Қайда әлгі шат кезең жан іздеген?!
Еңсең түсіп еңкейіп, адымдайсың,
Қайғы жасы төгілген сан іздеген.
Жер астының шамдары сығырайған,
Мылқау дүние тың-тыңдап тымырайған.
Қабырға да қашқандай теріс қарап,
Жиренгендей біздердей сұмырайдан!
О, құдайым, күн көрем қайда барып?
Кінәм жоқ қой, өзіме айдан-анық.
Әділетті менімен бірге қамап,
Қойған ба әлде қараулық байлап алып?
Тән жуылып, ал жаным тазармастан,
Қиқулы бір күйдемін мазам қашқан!
Даң дүние демігіп даусы шықпай,
Төмен салып тұрғандай назарды аспан...