30.05.2022
  111


Автор: Бекен Әбдіразақов

Ақын жатыр тұтқында алты ай бойы...

Ақын жатыр тұтқында алты ай бойы,
Ақылы азып, жасыған қартайды ойы.
Суарылған намыспен қайсар шабыт
Кетпей қойды қасынан алты ай бойы.
Қалам алар кей-кейде түртінектеп,
Өткінші өлең қағазға бүркіп өтпек.
Қалбалаңдап шабыты шала-шарпы
Көңіл шаңын басады сіркіреп тек.
Кейде, шіркін, шабыты дауылдаса,
Орман жайпап, жер-жаһан тауын баса,
Нөсерлетіп нөпір күш жөнеледі-ақ.
Өлген қайта тіріліп бауырласа...
Ой, дүние-ай, ондай сәт жиі келсе...
Өз отына арман не күйіп өлсе!
Ақын жатыр бүк түсіп, жанартауын
Бұрқ еткізер бір түнде күйі келсе...
Ақын жатыр үн-түнсіз алты ай бойы,
Кемерленіп теңіздей жалпайды ойы.
Шаңқылдайды шағала шабыт тынбай,
Толқын тебіс болардай, айқай, тойы!
Дауыл соғар алдында тыныштықтай
Бар дүние ұйыған ырыс-құттай.
Ақын тілсіз, аспанда екі көзі,
Мөлдірейді бірдеңе күміс шықтай.
Ақын жатыр дөңбекшіп, ақын жатыр,
Жарылысқа жүрегі жақын жатыр...





Пікір жазу