30.05.2022
  143


Автор: Бекен Әбдіразақов

Мұқағали, Тоқаштар түсіме енді...

Мұқағали, Тоқаштар түсіме енді,
(Я, иншалла, түзелер ісім енді).
Білмейді ғой сабаздар дос еткенін
Ит етінен жек көрген күшігенді.
«Жалын жұтып, екеуі қарды асады», –
деп бүгін күшігендер бал да ашады.
Нар басында ербиіп күнін көрген
Тышқандай-ақ әруаққа жармасады.
Қимайтын екеуіне бір сомын да,
Мал тапқан қайыршыдай жүр соңында.
Пысықтар жүзі жанбай досым дейді,
Көрдім ғой екеуінің бұл сорын да.
Шаршаған, үні бәсең, шөліркеген,
Болды ма машқарда да өмір керең.
Шіркін-ай, баяғыдай желбір-желкен
Дүниеде жүйткір еді-ау көңіл ерен!
Па, дүние, күн кешпедік құрсақты аяп,
Жыр мен тер төгілді ғой бұршақтай-ақ.
Достармен тал түбінде талма түсте
Сыраны сіміргенмін бір саптаяқ.





Пікір жазу