30.05.2022
  113


Автор: Бекен Әбдіразақов

Менің сырым

Шығыс жақ шоғын жайып енді ғана,
Алауға малған кезде түгел көкті.
– Бишара-ай, жаман тымақ келді бала!
– Қойшы сол, жұдырықтай жүгермекті,
Әкесін тумай жатып жалмағасын! –
Қатындар орапты үстіп жүргегіме.
Көз жасын, шандақ шілде таңғы ауасын
Жұтыппын дүниені алғаш көргенім де!
Отыздың ортасында қылшылдаған,
Әкемді жас топырақ орап апты.
Көкірегі толы арман қыршын адам,
Қалайша мұнша ерте мола қапты.
Үнімді өзі аңсаған естімеді,
Түсінде, бірақ талай ойнатыпты.
Сорлы ана бесік тербеп кеште үнемі,
Көңілін терең мұңға бойлатыпты.
Туғаннан жетім бала атансам да,
Көрмедім жетімдіктің шерлі күнін.
Қарадым мол үмітпен атар таңға,
Иіскедім именбестен жердің гүлін.
Жаулығын жесірліктің жұлып тастап,
Анам да көппен бірге күле білді.
Жылытты, аймалады нұрын тастап,
Бақыттың ыстық лебі жүрегімді.
Өмірмен мектеп барып амандастым,
Ұстазым әкемдей-ақ қақты арқамнан.
Тұрмадым, тағы ілгері қадам бастым
Жалықпай өмір сырын ақтарғаннан.
Еңбекпен тыныстаған толқынды өмір
Қойнына қойып кеттім, араластым.
Жаныма жаңа жігер толтырды ол бір
Қайғысын қағып тастап қара бастың.
Әкемнің иемін тек есіміне,
Білмеймін, мінезін де, дәстүрін де.
Естігем, жылап қой ма, ешкіні ме,
Әйтеуір, мал баққан деп жас күнінде.
Мен бүгін, қол ойылса қайраттанам,
Ұлы іске қостым ғой деп үлесімді,
Өйткені, қайран менің – Отан – анам.
Үйретті өмір үшін күресуді!





Пікір жазу