29.05.2022
  149


Автор: Бекен Әбдіразақов

Сүріндім, көп сүріндім мінезімнен...

Сүріндім, көп сүріндім мінезімнен,
Жамандық көрсем, бәрі – бір өзімнен.
Жай басып жүре алмадым жұрт сияқты,
Бойдағы бар қасиет – ұрт сияқты.
Аңсадым – асаулардың еркіндігін,
Әп-сәтте белдеулейтін жер кіндігін.
Аңсадым – аруларды, сыршыл бақты,
Сол аңсау тамырда қан тырсылдатты.
Өмірде өлшеусіз-ақ аңсағаным,
Тауса алмай жерді тарпып тамсанамын.
Көп тиді сонан топас таяғы да,
Бірақ та жығылмадым аяғына.
Жүрегім «байғұс мені аяды ма»
Күрсінсем,
дейді жаймен – еркіндікке
Махамбет басын берген баяғыда...





Пікір жазу