29.05.2022
  153


Автор: Бекен Әбдіразақов

Демалыс

Қанымды қызу күнмен қызындырдым,
Малынып нөсеріне қызыл нұрдың.
Теңіздің жағасында қалғып кеттім,
Әуені тербеп мылжың ұзын жырдың.
Самал да сұлу қыздай құбылып бір,
Тәнімді сүйді дейсіз сұғынып бір.
Ұлпа құм қыз қолындай жылы тиіп,
Тамақ та торта майдай жұғынып тұр.
Көңілді осылай бір демдегендей
Жуандап жарты елі кем дегенде,
Өзімнің отауыма оралдым ғой,
Базарлық алып біраз мен дегенге.
Ұл-қызым асылды кеп мойыныма,
Біреуі қол сап жатыр қойыныма.
Маужырап жата бердім ортасында
Елтіп қылығына, ойынына.
Дүниеде мен екенмін ырысы – бай,
Сол күнгі жан күйімнің тынысын-ай!
Жарым – Күн, балаларым – толқын екен,
Бұларсыз демаласың құрысын-ай!





Пікір жазу