29.05.2022
133
Айбаттанған теңіздің жағасында
Айбаттанған теңіздің жағасында
Әйел тұрды сыр тыңдап, барлап бәрін.
Сүйіп жатыр өлердей аласұра
Ақ бас толқын ақ сүйір бармақтарын.
Әйел тұрды елтіп жас самалға,
Толқын тілін елемей сүйреңдеген.
Теңіз дір-дір етеді бас салардай,
Менде де бір безгек бар үйренбеген...
Толқын бір сәт әйелдің аш беліне
Мас адамдай ұмтылды бұраң қағып.
Жан дауыспен көз жұмдым «Қаш!» дедім де...
Көзімді аштым.
Өзім маспын.
Толқын жатыр. Әйел тұр сылаң қағып.