29.05.2022
119

Бас ерікте, бірақ қайтем, жан қамау...
Бас ерікте, бірақ қайтем, жан қамау,
Күндіз-түні өзімді-өзім балталау.
Қида-қида қиялымды қиырға
Айдаймын кеп, ұғасың ба, қалқам-ау!
Есігімде кіріп-шығып жүргенім,
Күлген болып, іштен ұлып, үргенім –
Қасіреттің қасіреті мен үшін,
Құрып қалсын бұйтіп өмір сүргенім!
Амал қайсы адами зат баласы,
Сөнбегесін жүрегінде санасы,
Тіршілікте тірі жүре береді,
Сүйретіліп құйрығында шаласы.
Жігерің – құм, жаның күнде қанжылап,
Кеудендегі арманың да сандырақ.
Жалғаннан да жөнеп кеткің келеді-ақ,
Рұқсат етпес рухтағы заң бірақ!