29.05.2022
128
Шындығың қалай өлмесе...
Шындығың қалай өлмесе,
Өтірігің де ит жанды.
Екеуі қатар келмесе,
Екеуіне де жұрт нанды.
Қайсысы саған етене?
Басыңды босқа қатырмай
Жақынынды ал да жетеле,
Жол ұсті көрген қатындай!
Өтіріктен өлген пендені,
Жоқ болар елдің көргені.
Жолдас қып кейде сен де оны,
Іздеп кор жерден көмбені.
«Өтірік өрге баспайды»,–
десе де, өрге бастырған...
Шындықтан болып бас қайғы,
Күн де өткен қанды шаштырған.
Қайсысы қайда бастайды?
Білместен басты қатырдым.
Бірінен-бірі аспайды,
Қапа боп соған жатырмын.
Апыр-ау, айтшы, батыр кім,
Өтірік пе,әлде шындық па?
Жетпіс жыл нені сапырдым,
Бостандық па, әдде құлдық па?!