29.05.2022
  134


Автор: Ескен Елубаев

АҒАЙЫНДЫ ҮШЕУ МЕН «ИРИСТIҢ» ХИКАЯСЫ

Үлкенi деп баланың,
Есi бар деп,
Барып келсе дүкенге
Несi бар деп,
Жұмсап едi шешесi
Серiкбектi
Бiр кило шайға салар
«Ирис» ал деп.
Адам болып қалған ғой
Серiкбегi,
Көк беттенiп қасарып
Кергiмедi.
«Ирис» атын естiп-ақ,
Дүкен жаққа:


Құланша жортып,
Бөкенше желiп едi.
Бiр килосын конфеттiң
Оратып ап,
(Күнi бойы ауызда
Соратын-ақ)
Қос уысын қалтаға
Тығып тастап,
Тартты дейсiң үйiне
боратып ап.
Бiр уысын конфеттiң
жеп те болды.
Орта жолға сөйткенше
кеп те қалды.
«Екi уыс конфеттiң
орны жоғын
Апам бiлер деймiсiң», –
деп те алды.
Осылайша Серiкбек
Желiккен бiр,
Келе жатса ойнақтап
Елiктей бiр,
Жарты жолда iнiсi
Асық ойнап,
Өзiменен тетелес
Берiкбек жүр.
Ойынды тастап кету
қиын мына...
– Мынаны апар, – деп оған
Бұйырды да,
Өзi iнi орнына
Ойнап кеттi.
Сақаны мың құбылтып
Шиырды да.
Нағыз өштер кəдiмгi
Бұл тете нақ,
Əншейiнде қалушы ед
Шырт ете қап,


«Иристi» көрдi-дағы,
үйге тартты,
Берiкбектiң бүйрегi
бүлк ете қап.
Берiкбек келе жатып
Ой ойлады:
«Мен ақжүрек болмайын,
қой, болмайды».
Екi уысын қалтаға
Ол да тықты,
«Дəл осыдан, оңбайын,
Ортаймайды...»
Үйге жете бергенде
Берiкбек те,
Сыртта жүрген iнiсi
Ерiкбекке,
Шақырып ап: «Апама
Бер», – дедi де,
Достары қалған жаққа
Желiп кеттi.
Ерiкбек мұндай iске
Ыңғайлы да,
Құдайы берiп тұрса
Қыңбайды да,
Таяқ жесе, жеген жөн
Конфеттi жеп,
Жаңбақыша бiразын
Жымдайды да.
Ерiкбек ең кенже ұл
Қастанды едi,
Ол да бiр қызықты iстi
Бастайды ендi.
Бiр уысын азсынып,
Қос уысын
Қора жаққа тығып ол
Тастап келдi.


Бiр-ақ кило «иристiң»
Несi қалды,
Үшеуi уыс-уысын
Көсiп алды,
Ерiкбек əкеп бердi,
«Мə, конфет», – деп,
Апасы да жүр екен
Есiк алды.
Апасы: «Аз ғой бұл», – деп,
Таңырқап тұр,
Көңiлi толар-толмас
Жабырқап тұр.
Ал, үш ұлы тəттiге
Қарқ болып,
Өздерiн де, достарын
Жарылқап жүр...





Пікір жазу