29.05.2022
  116


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өмірім сонша шексіз бе...

Өмірім сонша шексіз бе,
Ғұмырым сондай мәңгі ме?
Болашақ – ертең тексізде
Болмайды, қайда әңгіме!
Атса да маған таң күліп,
Батады кешім томсарып,
Баз кешіп, жалғыз қаңғырып,
Кетсем бе екен қол салып?!
Бірақ та жұмыр жерімнен
Жұмақтай мәңгі көрінген,
Пендені қашып жерінген,
Құтқарар ма өлім тегіннен!
Естіген емес құлағым,
Көрген де емес бір пенде,
Үстінде жердің ұлы ағын,
Мен әлде содан үркем бе?
Жұлдызға барсам қиялмен,
Қапастан, көрден түн-түнек.
Шарапты түзды қиярмен
Жұтпайсың доспен дүркіреп...
Өмірім сонша ұзақ па?
Ғұмырдың қанша қалғаны?
Тұрса да мойын тұзақта,
Жанымның көп-ақ арманы!..





Пікір жазу