29.05.2022
146
Жан Қазынам, атыңа ылайықсың...
Жан Қазынам, атыңа ылайықсың,
Шындықты айтып, мас жаным бір айықсын.
Дүниеде жебеушім өзің ғана,
Адам түгіл, бұл сөзді Құдай ұқсын!
Мен қызығын көрмедім ата-ананың,
Мейірімге мен мөңгі қаталадым.
Сен қасымда болмасаң, бар дүнием,
Түні бойы мен қалай жата аламын?!
Қызғанамын құйылған жарықтан да,
Махаббатқа пендені жарытқан ба?
Тіршілікте бақыттың ең үлкені –
Екен, жаным, жанынды жар ұққанда!
Кіммін өзім: періште, перімін бе,
Әжептәуір әйелдің ерімін бе?
Сенсіз, сірә, дуылдап қалар ма еді
Ғашықтықтың ыстығы ерінімде?!
Құдайға алғыс айтамын, шүкір деймін,
Сен тұрғанда тағдырға түкірмеймін.
Сен жүргенде жер басып, Қазынашым,
Жүректей боп өмірде лүпілдеймін!