29.05.2022
  134


Автор: Бекен Әбдіразақов

Сертке қайрап жігіттіктің семсерін...

Сертке қайрап жігіттіктің семсерін,
Бөріктің де киіп едім сеңсеңін,
Шынымен-ақ қалғаны ма мұқалып
Көк сүңгідей көкке айбарлы еңсенің?!
Қия берсе шартық қайғы қылышы,
Дүниеге келмеген ғой дұрысы!
Жер ортада бақырайтып көзімді,
Тонап алды қасіреттің ұрысы!
Жаным үшін мал садақа дейтіндей,
Басымды ұрып, уайымды жейтіндей,
Бұлінген де дәнеңе жоқ секілді,
Маған төнген жалмауыздың кейпіндей!
Бір шіріген жұмыртқаны лақтырып,
Енді өмірде абай жатып, сақ тұрып,
Әр күнімді әлпештеп бір, әлдилеп,
Жасайыншы бойыма істі шақ қылып!
Бірақ, қайдам, серттен тайған жігітті
Диірменге салып өмір үгіпті.
Зиратта да зияндыдай байғұстан
Күмбездерін жұрттар аулақ тігіпті.
Мен қорықпаймын қыршын кетіп, солғаннан,
Мен қорқамын жалғыз мола болғаннан.
Отауымнан безсем-дағы, Отаннан
Қайда барам, жаным жырмен толғанған?...





Пікір жазу