29.05.2022
  110


Автор: Бекен Әбдіразақов

Күздің таңы – қыздың тәні қоңырқай...

Күздің таңы – қыздың тәні қоңырқай,
Ұйқысынан оянатын соңырқай.
Кеудесінде асыр салып жатады,
Іңкәрлікпен шапқылаған қоңыр тай.
Күздің таңы – сыңғыраған шыныдай,
Сезім шіркін сығалаған ұрыдай.
Сұлулыққа қайыршыдай сүзілген
Жүрегімнің жаутаңдаған сұрын-ай!
Күздің таңы — берсең бетті тақап-ақ,
Сабағынан сусып түсер махаббат!
Күзгі бауда бір аруға жолықсам,
Табанынан сүйер едім жата қап!





Пікір жазу