29.05.2022
  113


Автор: Бекен Әбдіразақов

Атып та мені жібермес...

Атып та мені жібермес,
Асып та мені жатпайды.
Мен өлсем, жұрт та үдермес,
Жасып та, тегі, жатпайды.
Түнің де тойған қозыдай
Томпиып қана жатады,
Таңың да жайған жозыдай
Жамырап жаңа атады.
Күнің де сұлу торы аттай
Жорғалап, көкпен сылаңдар.
Кешің де жылы қонақтай
Жайғасып, үнсіз сыр аңдар!
Жер мен көк шеті шетілмей,
Тыныстап жатар тірлікпен.
Мен ғана шерлі жетімдей
Қарайтын үміт түндіктен.
Тағдырды мұндай кім күткен,
Қайдасың, дүние, дүрліккен?!





Пікір жазу