29.05.2022
  110


Автор: Бекен Әбдіразақов

Білемін тұзым жеңіл, салуым жоқ...

Білемін тұзым жеңіл, салуым жоқ,
Лап ете қас пен көзде жануым көп!
Қайтейін, күндіз-түні көкіректе
Ұйтқиды алабөтен адуынды от!
Талайы-ақ топырақ шашып, суын септі,
Қан-жынын қойыртпақтап, уын төкті.
Өшірмей, өршітті ғой қайта мені,
Жығылмай желбіреген туым текті!
Отымнан үрейленді қосағым да,
Өрт шығып бітті ақыры ошағымда.
Түбінде тақыр жанып кетемін-ау,
Жазмыштың бұйырғанын тосамын да.
Білмеймін кімге шағып, қайда өтінем,
Жанашыр жаннан жұрдай жай жетім ем!
Жүрісім шәлкем-шалыс көрінсе де,
Жүрегім аппақ, таза Ай бетінен!





Пікір жазу