29.05.2022
  120


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жалаңаяқ жар кешіп жеткенімде...

Жалаңаяқ жар кешіп жеткенімде,
Су түбіне сұраусыз кеткенім бе?
Шодырайтты шекемді сабы қатты,
Бақ суарып, жер шапқан кетпенім де!
Бетін теріс дүние бергеніне
Қарағанда, ғайбатқа сенгені де!
Тызылдаған тайқы өмір шынымен-ақ
Күл-көмешке тірідей көмгені ме?
Жоқшылықпен жүргенде мылтықтасып,
Кемерінен асқан-ау қырсық тасып,
Түрт шайтандап шықылық сауысқандай,
Сығалайды сықсиып, жыртықты ашып!
Қайда қашам, япыр-ау, бас амалдап?
Жар бола гөр деймін тек жасағанды-ақ.
Жұмыр жердің бетінде ұстатпай жүр,
Өз қолымнан шыққасын қашаған бақ!
Қалған ғұмыр өтер ме сандалыспен?
Жон екен-ау балды да андап ішкен!
Басқа қонған бағынды аяла деп,
Айқай салам жер соғып жан дауыспен!
Құлағына кіргені қағып алар,
Тұмарындай қастерлеп тағып алар.
Астамдықтан шел бітсе көздеріне,
Шаян өмір бір күні шағып алар!
Тек жақсылар өлердей сағына алар...





Пікір жазу