29.05.2022
  118


Автор: Бекен Әбдіразақов

Оспанхан, Жайсаңбектей тетелестер...

Оспанхан, Жайсаңбектей тетелестер
Тіріде бейнелері кете ме естен!
Жастықтың салтанатты тойлы көшін
Әндетіп ұзақ жолда жетелескен.
Мен бүгін ит сияқты жұртта қалып,
Уынан тіршіліктің ұрттап алып,
Қараймын көз алақтап айдалаға,
Әкемнің құны бар ма сыртқа налып!
Өмірдің жолы деген тұрған ирек,
Барады кім қуанып, кім зар илеп,
Пәнденің шаруасы бола қоймас,
Уақытында өлген де осы бір ғанибет!
Жұртында қалып қойып жігіттіктің,
Түнімен аспанда Айға үріп шықтым.
Тағдыр да тобаңызға келтіреді, ә,
Иттерге мен сияқты күліп шықтым!





Пікір жазу