Мұқағалимен мұңдасу
Баспана жасай алмай бұтадан да,
Айшуақ Алматыда жұтағанда,
Басыңнан кешірдің ғой бәрін, Мұқаш,
Жоламай безгенінде құт адамға!
Алатау шыңындағы қар сияқты
Жаныңды өлең ғана жарқыратты.
От басы, қарын қамы әдіре ғап,
Иса мен Қасым ақын салты жатты.
Басыңда бақ құсындай бір-ақ құтың –
Шабытпен шалқып жанған шырақты түн.
Жылытып, жындандырып жүріп жаттың,
Жақтырмай пендешілік сұрақты тым!
Сен үшін өмір – өзен, өмір – дастан,
Бітеліп қалған кезде көңілді ашқан!
Болғасын Хантәңірінің бір перзенті,
Көзіңе аласалау көрінді аспан!
Бас қойып жүрегіңнің бұлағына,
Талайдың шөлі қанып, жылады ма?
Шаруаң болмай, досым, шырт түкірдің
Дүниенің айқайы кеп құлағыңа.
Жүректі қинай-қинай қансырадың,
Шипасы шарпымады бал сыраның.
Онсыз да көп езілген бауырыңнан
Әлсірей берді іштен жан шырағың.
Мен саған барған ем ғой бір ай бұрын,
(Пәтшағар, кейде бар-ау қњдайлығың!) –
–Бекешке, келме,–дедің,–енді маған...
Өмірді ойламап ем бұлай бұрын...
Тәкаппар тұлғаң шөгіп қалғанына,
Өкініп тұрдың мынау жалғаныңа.
Түсіндім, тіршілікте қызық көрмей,
Жете алмай бара жаттың арманыңа!
Сен тұрдың – Мақатаев Мұқағали,
«Жас бала, жаман қатын, жұтаған үй...»
Білдірмей бөрі аштығын дегендей-ақ,
Жүзінде алабұртып тұтаған күй!
Қашанғы тұншықсын от жүрек енді,
Тұтаған қауың лаулап жүре берді.
Жандың да, шыбын жаның жай тапқан соң,
Орныңнан алпамса жыр түрегелді!
Тұрдың да қол ұстасып бірге кеттің,
«Кеңсайдан» төмен қарай жүр демекпін.
Бұтадай баспанаға зар едің-ау,
Сен мықтап Алматыңнан ірге тептің!