29.05.2022
  102


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бір көктемім, бір жазым ғұмырымда...

Бір көктемім, бір жазым ғұмырымда
Ырысымнан шығарған шығыным ба?
Естімедім балапан шырылын да,
Шырқыраған шілденің шыбынын да!
Сұңқар жүрек сұм тағдыр сығымында,
Қанат қақпай, қалшиды тњғырымда!
Көкті айырып ұшпады бұрынғыдай
Аспанымның көкпеңбек тұнығында!
Жоқтау айтқан бұл көктем жесірім бе,
Балапаннан айырылған бесігінде?!
Жабырқаулы бұл жазым бойжеткен бе,
Мұңлы жүзбен сүйенген есігімде?!
Сүмбіленің салқыны-ай, дірдектедім!
Оралар ма бұл жазым, бұл көктемім?!
Бұйыртпастан біржола әкетті ме
Жер үстінің қисапсыз дүрмектерін?!
Босқа өткен жоқ бұл жазым, бұл көктемім,
Тамамдадым өмірдің бір мектебін.
Мөлдіреген тіршілік бағасы артты,
Бір күнімді мың есе құрметтедім.
Бір көктем мен бір жазым ғұмырымда,
Жылайтындай, япыр-ау, шығыным ба?
Тірі жүрсем, мәз боп құс шырылына,
Желпуішпен қуармын шыбынын да,
Күлдей шашам адамдар былығын да,
Бір мектептен өттім мен ғұмырымда!





Пікір жазу