29.05.2022
110
Тамылжыған тым ғажап тағы да түн...
Тамылжыған тым ғажап тағы да түн,
Асау, тентек жүректер бағынатын.
Қадыр түндей жете алмай қадіріне,
Жас сорғалап соңынан сағынатын.
Тұңғиықтай сыр толы тағы да түн,
Жұлдыздары жосылып ағылатын.
Тұман басқан көңіддің ұшында да,
Тамызықтай тамшы үміт жағылатын.
Тұнжыраған тұп-тұнық тағы да түн,
Басын жастап қалғитын тағына ақын.
Өлең өзі үзіліп жұлдыздардан,
Жүректерге аңсаулы тағылатын.
Тамашаға тойымсыз тағы да түн,
Терезесі ғашықтың қағылатын.
Тыныштықтың жүрегін жұлып алмай,
Төсегінде жатырсың неғып, ақын?!
Жаның қайда мұндайда қағынатын,...
Жырың қайда көз жастай ағылатын?
Жүрек өліп қалған ба сағынатын,
Төсегінде жатырсың неғып, ақын?!
Сен емес қой заманға бағынатын!