Жол үстінде жолыққан жолаушыдай
Жол үстінде жолыққан жолаушыдай
Жолықтық па, жоғалып сонау шырай?
Күдік жайлап, аңдыстық екеуміз де,
Жер соқтырып кететін тонаушыдай.
Ертелі-кеш сұм сағат туатынын,
Омырауды өксік жас жуатынын
Білсек бастан, бақытты болар ма едік,
Бар кезінде жан-жүрек қуатының?
Саған ғашық болдым ба, – есімде жоқ,
Соған бүгін өкініш, өшім де жоқ.
Соқтықпалы, соқпақсыз тірліктің де
Күні қайтып қалыпты, бесін де боп.
Сәлден кейін басады қараңғылық,
Адам жылап жатады, адам күліп...
Мен жатырмын жаңанды қараң қылып,
Бір жымишы бетіңді маған бұрып.
Саған ғашық болдым ба, есімде жоқ!
Қол ұстасқан сенімен кешім де көп.
Ұзақ жылда біз әбден үйренісіп,
Иықтасып түзеткен көшім де көп.
Өзек талып құшақта өртенбедік,
Құмарлықтан аспайтын дерт емдедік.
Іңгәлаған сәбилер дауысымен
Айдын жүзін, көңілді желкемдедік,
Шатырластық кей-кейде жасындай-ақ,
Жан-жарасын осқылап, жасырмай-ақ.
Нөсерден сөң басылып, суды сығып,
Табиғатқа сүйсіндік асылдай-ақ.
Тауды бұзған желге ұсап желік бізде,
Тынбай соқты ерікті, еріксіз де.
Қайнар көзін ащы жас ылайлады,
Көріктіміз айналды көріксізге.
«Ешкімнің қирап қалмас қабырғасы,
Өз сорың...» деген сөзде сабыр басы.
Қай тұсқа жіберсең де айналып кеп,
Қадалар өзіңе ашу адырнасы.
Білеміз жақтың болмас жаңылмасы,
Жоқтың да болмайды екен табылмасы.
Дүниеде тақыр жетім пендеңіз сол –
Қалмаса көз тіріде қадырласы.
Ондайда жадау тартып қабыр басы,
Үндейді ішкі дүшпан дабырласы.
Сонан да, сорлы Бекен, әзір өлме,
Жүректің бүтінделсін қабырғасы.