29.05.2022
137
Хабар күттім тағы да лүпілменен...
Хабар күттім тағы да лүпілменен,
Өзектен от атылмай, түтінденем.
Дауасыз дерт, бас – қауға дағарадай,
Сынып-сынып сыздайды бүтін денем!
Таңертеңнен күпті ғып, ас батырмай,
Алаңдатып, алдамшы ой аш қатырды-ай.
Жүрек деген әншейін жалтақ, көнбіс,
Төзім мықты мелшиген қас батырдай!
Мың сезімнің мыңғырған ортасында
Миың қатар қуанып, қорқасың ба?
Мұрындықтап алғасын үміт мықты,
Жетегімен жөнейсің, жортасың да!
Іңір түсті, сыбыссыз хабар тағы,
Түтін де өшіп, ішіңді қабартады.
Қуаныш та, қайғы да қаңғып қалған,
Белгісіздік шашыңды ағартады,
Сағынышың жүректі сазартады,–
Амалсыздан күтесің хабар тағы.