29.05.2022
  110


Автор: Бекен Әбдіразақов

Таңғаламын: адам атты мақұлық...

Таңғаламын: адам атты мақұлық,
Жас күнінде оңды-солды сапырып,
Қартайғасын кәлпе бола қалады,
Жоқ иманын, жоқ Құдайын шақырып.
Сол тұқымнан тарағанның бірімін,
Мен де бүгін қысқарғасын жүрімім,
Бауырлардан қайыр жоғын білгесін,
Етегінен ұстау мықты ірінің!
Мен білемін, өрге баспас жалған іс,
Бірақ Құдай үмітіңдей алданыш!
Ал өмірде күнәкәрлық жасап ап,
Жас келгенде иман жалдау – сандалыс!
Соны біле, өзімді-өзім әурелеп,
Жоқ Құдайға бас ұрамын тәубелеп,
Көрсеткенің үшін саған мың шүкір,
Шапағаты тиіп қалар зәуде деп!
Таңғаламын мақұлыққа осындай,
Бірде – жауы, бірде Құдай досындай.
Бұл адам ба, бұ нәлетті қой, тегі,
Білмейсің шын өз жүрегің шошынбай!





Пікір жазу