29.05.2022
  129


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қағазға құпиямды хаттамасам...

Қағазға құпиямды хаттамасам,
Жат сөзден, тіл сұғынан сақтамасам,
Кейінгі ұрпақ бетін қалай көрем,
Күнәдан өзімді-өзім ақтамасам?!
Маған да жат болмады тақ, тамашаң,
Мінем деп мен де асықтым атқа қашан!
Сүзілген сұлулардың көзін сүйіп,
Мәрттікпен жүрдім түнде бақта масаң!
Біреуге пендешілік қиянатын,
Қиястық жасағам жоқ ұялатын.
Жігіттік қызықтарым болған шығар
Есіне жымиып жұрт жиі алатын.
Серілік содырлыққа ұласпастан,
Ләззаттың айдынында құлаштасқам.
Асықтым көк шалғынды көкжиекке,
Көгілдір нұрлары мен мұңы астасқан.
Көздерін кербездердің мөлтілдетіп,
Аспанды, орман-тауды желпілдетіп,
Дүние қайта айналып келмесіне
Барымен базарлауға сертім бекіп!
Қайда әлгі тас құпиям тереңдегі,
Өлгесін қазып алып көрер ме еді?
Жұртым-ау, жиып, тыққан асылдарым
Аћ ұрған жан даусымда өлеңдегі!





Пікір жазу