29.05.2022
  114


Автор: Бекен Әбдіразақов

Сағынышты саз

Адасып қалған киіктей жалғыз Нарында,
Адасып жанған күйіктей қайта жанымда,
Қарағым, қайдан кездестің шалғай Нарында,
Тып-тыныш жатқан жүректі орап жалынға?!
Есіңде болар, көргенде-ақ көңіл тосылып,
Қай-қайдағы арман қанымда топан жосылып,
Өңім мен түсім бұлттардай көшкен аспанда
Жөңкілді дейсің, жауын мен желі қосылып!
Тағдырым тағы тәлкек қып мәжнүн жүректі,
Елуде естен айырып, тағы жүдетті.
Ғашықтық дейтін қасірет дерттен ада боп
Қалдым ба десем, есіріп сұмдық үдепті!
Жан жетпес қиял, сағыныш-сағым бұлдырап,
Көзінде мұңлы тұмандай тұнып, тұнжырап,
Қалқам-ау, марғау Нарынның құмы ішінде
Адасып қалған мен бе, әлде сен бе тым
жырақ
Көктемі туып, тасыған жойқын Жайықтай
Бір тасып алып, со күйі жүрмін айықпай.
Базары тарқар жігітке, айтшы, бұл да аз ба?
Атың кім еді?
Назгүл ме әлде Гүлназ ба?





Пікір жазу