29.05.2022
  135


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бәрін де тарих шешеді...

Бәрін де тарих шешеді,
Қайтесің, досым, қамықпа!
«Көсемің» ит боп кешегі,
Шығады шындық жарыққа.
Шіренді шырттай ол немең,
Басында салқын саяжай.
Сен болсаң күнмен өлмеген
Жанынды салдың аямай.
Төрт бөліп түнгі ұйқыңды,
Миыңның сықтың қан-сөлін.
Елемей күйбең қиқымды,
Қандырдың жырмен жан шөлін.
Қатының қақсап ерте-кеш,
Құлағың құртын жесе де,
Өлтірер сені дерт емес,
Естіген сөзің кеше де.
Алшаңдай тастап аяқты,
Дүниені түгел баз кештің.
Кейбіреу сені аяпты,
Кейбіреу «ақылы аз» десті.
Қыстырмай оны жұлыққа,
Серідей, досым, жүре бер.
Асаудай жырды құрықтап,
Сәбидей тәтті күле бер.
Бәрін де тарих шешеді,
Қайтесің, досым, қамығып.
«Көсемің» ит боп кешегі,
Жұрт жүрер сені сағынып.





Пікір жазу