29.05.2022
  107


Автор: Бекен Әбдіразақов

Дімкәстік жүр елуде жуығыштап...

Дімкәстік жүр елуде жуығыштап,
Бел бүктірмей қалады, суық ұстап.
Жер ортаға жеткенде, енді арманды
Көңіл құсы қалайша қуып ұшпақ?
Қалған ғұмыр он жыл ма, он бес жыл ма?
Жарар еді шыға алсам он бес қырға.
Жігіттіктің желімен жұйткіп жүріп,
Мәз болыппын елігіп өнбес жырға!
«Көктемдей-ақ өткіздім қыстың алдын,
Әлі-ақ кейін ақпанда қыстығармын»,
деген ой да, қайтесің, миға қонбай,
Қырыққа шейін қыранша ұштым әр күн.
Енді елуде қарасам – қанат талған,
От басынан ұзамай қанатты арман.
О, дүние-ай, кезіктім уақытқа да
Он-он бес жыл ғұмырды санап қалған.
Бәлкім, тағдыр бұйыртар жүз дегенін,
Жақсы, әйтеуір, үмітті үзбегенің.





Пікір жазу