29.05.2022
  108


Автор: Бекен Әбдіразақов

Төрткүл

Көмілген шаңға Төрткүлді
Көргенім әлі есімде.
Аспаным лаулап өрт тұрды
Күн қайтты деген бесінде.
Қауыны қанттай болмаса
Түйеге теңдей артатын
Төрткөл соқпай жол да аса,
Қайқая қияс тартатын.
Бақыты мұндай жанар ма,
Бұл күнде Төрткөл – Төрткөл-ақ,
Бөгеннен тартқан каналға
Тұншықты көктен өрт құлап.
Тас жолдың екі жағында
Бишідей талдар тізіліп,
Жәудіреп жүзім бағында
Түседі түнде үзіліп.
Қыздары қызыл шырайлы
Төңкерсе көзін ақырын,
Ұмытып үйін, Құдайды
Құлдық дер небір батырың.
Төрткөлде төрткүл мақталық –
Жайылған жасыл алаша.
Байлығын өлкем ақтарып,
Кешеді өмір тамаша!





Пікір жазу